Алматыда гүлдер көрмесі өтуде
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 24-і. ҚазАқпарат /Назира Елеухан/ - Бүгін Алматыдағы Республика сарайында қала әкімдігінің қолдауымен дәстүрлі «Гүлдер. Ландшафт. Үй іргесіндегі шаруашылық - 2009» атты халықаралық гүлдер көрмесі ашылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Көрмеге бау-бақша орталықтары, ландшафт дизайнымен, көгалдандыру жұмыстарымен айналысатын, гүл саласын терең игерген Ресей, Италия, Қазақстан компаниялары, химиялық қосындылар мен тыңайтқыштарды шығаратын, бақшаға қажетті құрал-жабдықтарды әкелетін, үйге қажетті тауарларды сататын, көше жарықтарын қоюмен айналысатын компаниялар қатысуда.
«Осындай көрмелердің өткізілуі нәтижесінде Алматы жыл сайын көркейіп келеді. Біріге күш салудың арқасында Алматы байырғы «Гүл қала» атағының қалпына келетініне сеніміміз зор», дейді өндірістік ресурстардың басқарма бастығы Сұлтанбек Макежанов.
Көрме қыркүйектің 27-сіне дейін жалғасады.