Алматыда ірі көлемдегі есірткі тәркіленді
АЛМАТЫ. Шілденің 26-сы. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Кеше Алматы қалалық полиция қызметкерлері Тараз қаласының 44 жасар тұрғынынан 51 келі 430 грамм марихуана тәркіледі.
Есірткі тасымалдаушы тауарды Алматыға автобуспен әкелген. Ол тауарды 3 сөмкеге салып, көліктің жүксалғышына қойған.
«Біздің қызметкерлер бұл азамат жөнінде алдын ала білді. Ол әкелген есірткісін көтерме саудамен сатпақ болған, тіпті өзіне тұтынушыны да тауып үлгерген», дейді Алматы қалалық ІІД-нің есірткі бизнесімен күрес басқармасының бастығы, полиция майоры Денис Лоскутов.
Қылмыскерді құрықтау операциясы халықаралық «Сайран» автовокзалының аумағында жүргізілді. Екі автобус жүргізушінің куәлік етуінен кейін, ұсталған азамат өзінің қылмысын мойындады. Сонымен қатар, ол қылмысты басқа біреудің өтінішімен орындағанын, өзінің бұл істе тек қана тасымалдаушы ғана екенін айтты.
«Ұсталған адам бұрын да бірнеше рет есірткі сақтаумен және таратумен қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ол өзі өсімдіктерді Шу қаласында жинайды, сосын оны әр жерде сатады», дейді Д. Лоскутов.