Алматыда IT компаниялардың 60 пайызы орналасқан

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда ақпараттық технологиялар саласының дамуына қолайлы инфрақұрылым қалыптасқан. Алматы Қазақстанның ең ірі мегаполисі ретінде цифрлық трансформациялар фарватерінде сенімді түрде алға жылжып жатыр. Алып шаһарда цифрландыру деңгейі Қазақстандағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда IT компаниялардың 60 пайызы орналасқан

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің басым бағыты ретінде ІТ индустрияға қолайлы жағдай жасауды және адами капиталды дамытуды цифрлық трансформациялауды белгілеген болатын.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов осы жылдың ақпан айында Алматыда өткен Digital Almaty форумында Алматы – іскерлік қана емес, сонымен қатар Қазақстанның цифрлық астанасы, мұнда IT компаниялардың 60 пайызы орналасқанын айтқан болатын.

«Қазақстан мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау жолымен жүріп келеді. Цифрландыру – елдің барлық азаматы үшін тең мүмкіндіктер мен әділеттілікті қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі. Бұдан шығатын қорытынды – мемлекеттік саясаттың басты назарында адам, оның қажеттіліктері мен мүддесі тұрады. Мысалы, біз БҰҰ әдістемесі бойынша отбасы әл-ауқатының 80 параметрін жинадық. Бұл күн сайын қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды анықтауға көмектеседі. Мұндағы негізгі тәсілдердің бірі – мемлекеттік қызметті көрсетудің көп платформалық қағидатын жүзеге асыру. Мемлекет бизнеске мемлекеттік қызметтерді өз платформасы мен цифрлық экожүйесіне біріктіру мүмкіндігін беріп, тығырыққа тірелген модельден бас тартып отыр», - деп атап өтті Премьер-Министр.

Алматы – еліміздің IT индустрияның астанасы. Еліміздегі IT компаниялардың басым бөлігі осында орналасқан. Мұндай пікірді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтқан еді. «Алматыда ақпараттық технологиялар саласының дамуына қолайлы инфрақұрылым қалыптасқан. Сондықтан біз қаланың әлеуетін үздік IT мамандарды жинайтын өңірлік хаб құруға мүдделіміз.

«Әлемде цифрлық сала – көзді ашып-жұмғанша өзгеру үстінде», - деді Бағдат Мусин.

Алматы Қазақстанның ең ірі мегаполисі ретінде цифрлық трансформациялар фарватерінде сенімді түрде алға жылжып жатыр.

Алматыда цифрландыру деңгейі Қазақстандағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі: бүгінде мегаполисте мемлекеттік қызметтердің 96%-ы цифрлық форматта жүргізіледі және бұл көрсеткіш үнемі өсіп келеді.

Алматы алғаш рет Thoughtlab (Нью-Йорк) әлемдік жетекші зерттеу компаниясының нұсқасы бойынша цифрлық даму стратегияларының әзірлігі дәрежесі жөнінде Азия қалаларының алғашқы бестігіне кірді.

Бұдан бөлек, Алматы қаласы «Алматы деректер көлі – Бірыңғай деректерді сақтау» жобасымен IEEE Smart Cities Awards халықаралық «ақылды қалалар» байқауының финалисі болды. Осы жылдың күзінде Алматы қаласының «цифрлық егізін» құру жоспарда.

Ерболат Досаевтың айтуынша, Алматының цифрлық егізіне көлік, экономикалық, экологиялық және құрылыс деректері енгізілетін болады. Сондай-ақ үлкен деректерді талдау негізінде қаланы дамыту сценарийінің функционалы бар платформаны енгізу жоспарланып отыр.

«Қабылданған қаланы дамыту бағдарламасындағы 7 негізгі басымдықтың бірі – «Алматы – Смарт-сити» құру. Осы жылдың күзіне қарай Сингапур және Шанхай сияқты мегаполистерге ұқсас қаланың «цифрлық егізін» құруды бастау жоспарда бар.

Бұл – қаланың Бірыңғай деректер қоймасы, Бірыңғай геоаналитикалық платформа. Бірыңғай бейнебақылау жүйесі. Бұл ең алдымен, жайлы қалалық ортаны құру және қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету», - деген болатын Е.Досаев.