Алматыда ит пен мысықтар серуендейтін орындар пайда болады

«Жол картасы» гуманизм қағидаттарына сай жасалған.
Бүгін қалалық Ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері жаңа жобаны қала әкімінің орынбасары Ерлан Әукеновке таныстырды.
«Біздің жануарларымызға деген қатынас бүкіл әлемдегідей болсын десек, онда озық әлемдік тәжірибені енгізуіміз керек. Ол үшін жақсарту жұмыстарын үнемі жүргізіп тұруымыз шарт. Осы жерде жиналған мамандар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерінің пікірлерін ескере отырып, қаңғыбас жануарлардың санын реттеудің жаңа жобасын қабылдауымыз керек», - деді қала әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов.
Айта кету керек, бұл жоба ауыл шаруашылығы жанындағы «Ветеринария орталығы» кәсіпорнының жұмысын дамытып, материалдық базасын жақсартуға арналған.
«Жол картасында» төмендегі бес бағытта жұмыс жасау көзделген.
Ең алдымен, жануарларды аулау мен оларды қамауда ұстау адамгершілік қағидаттарына сай өтуі керек. Жануарларды бағу, тамақтандыру олардың салмағы мен бойына сәйкес жүруі тиіс.
Сондай-ақ, кәсіпорынның материалдық-техникалық базасын жақсарту көзделген.
Үй жануарларын ұстайтын азаматтардың мәдениетін арттыру үшін олармен әңгіме жүргізілмек.
Жаңа жобаға сәйкес, әр ауданда ит пен мысықты серуенге шығаратын арнайы орындар жасақталып, жануарлардың нәжістерін жинауға арнайы пакет тарататын құрылғылар орнатылады.
Сонымен қатар, биыл үйсіз жануарларға арналған баспананың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленеді.