Алматыда Қадыр Мырза Әліні еске алуға арналған әдеби-сазды еске алу кеші өтеді

АЛМАТЫ. 17 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда 23 қаңтарда Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты ақын Қадыр Мыза Әліні еске алуға арналған «Қазақтың дана - Қадыры» деп аталатын әдеби-сазды кеш өтеді.

Алматыда  Қадыр Мырза Әліні еске алуға арналған әдеби-сазды еске алу кеші өтеді

 Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында болатын бұл шара  ақынның дүниеден өткеніне 1 жыл толуына орайластырылды. Оны Мәдениет министрлігі мен  Алматы қаласы  әкімдігінің қолдауымен «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қоры ұйымдастырып отыр.

1935 жылы 5 қаңтарда Батыс Қазақстан облысының Жымпиты кентінде өмірге келген Қадыр  Ғинаятұлы  2011 жылы 22 қаңтарда 76 жасқа толған шағында дүниеден озған болатын.  Шығармалары ең алғаш рет  1954 жылы «Пионер» журналында жарияланған еді.  Қаламгердің кеңестік дәуірде «Көктем» (1959), «Данышпан» (1961), «Сабақ», «Ой орманы» (1965), «Дала дидары» (1966), «Бұлбұл бағы» (1967), «Ақ отау» (1968), «Күміс қоңырау», (1970), «Домбыра» (1971, 1974), «Кеш» (1973), «Жерұйық» (1976), «Қорамсақ», «Көкпар», «Қызыл кітап», «Алақан» (1981), «Саз сиқыры» (1982), «Күндер-ай» (1984) тәрізді 40-тан астам жыр жинақтары мен әдеби-сын, ән өлеңдері мен прозалық кітаптары жарық көрді. Сондай-ақ 1990 жылдары таңдамалы шығармаларының бес томдығы, ал 2001 жылы «Қазығұрт» баспасынан 15 томдығы шықты.  Өлеңдері бірқатар  шет тілдерге аударылып, бірнеше пьесасы сахнада қойылған. Сан қырлы өнер иесі аудармашы ретінде өзі де   Овийдің, Румидің, Гейненің, Гюгоның, Лермонтовтың, Есениннің, Расул Ғамзатовтың, Межелайтистің, Петифи және тағы басқалардың жырларын қазақ тілінде сөйлетті.

Шығармашылық қызметтегі ерен еңбегі ескерусіз қалмай, 1966 жылы «Ой орманы» жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолының сыйлығын,  1980 жылы «Жерұйық» жыр кітабы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.  Сондай-ақ Қазақстанның халық жазушысы,  Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының және «І дәрежелі Достық»,  «Парасат» ордендерінің иегері атанып, Қазақстан Республикасының тұңғыш әнұраны мәтіні авторларының бірі болды.