Алматыда қалалық Кәсіпкерлер палатасының алғашқы конференциясы өтуде
![None None](/static/img/plug.webp)
Алматы қаласы әкімдігінде өтіп жатқан шараның ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының съезі қарсаңында ұйымдастырылып отырғанын айта кеткен жөн.
Конференцияның күн тәртібі бойынша Алматы қалалық Кәсіпкерлер палатасының директоры Ерлан Стамбеков палатаның жарты жыл көлемінде атқарған қызметтері мен жеткен жетістіктеріне тоқтала келе: «Алматы кәсіпкерлері еліміз бойынша кәсіпкерлер санының 30 пайызын құрайды. Ал олардан түсетін салықтық түсімдер қала бюджетінің 65 пайызына жетеді. Сондықтан Алматыда салалық және аймақтық қауымдастықтардың басым бөлігі шоғырландырылған. Алғашқы күннен бастап палата барлық консультативтік органдардың жұмыстарына қатысып келеді. Бұл жерде әсіресе прокуратура, қаржы полициясы, кедендік комитет, техникалық реттеу мен қалалық іскерлік кеңесті ерекше атап өткім келеді. Күні бүгінге дейін палата 47 дөңгелек үстел мен жұмыстық кездесулер өткізді. Кәсіпкерлер арасында 4 тегін семинар өткізілді. Сонымен қатар, кәсіперлік субъектілердің 100-ден астам арыз-өтініштері қаралды. Мемлекеттік органдар мен жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы 8 меморандумға қол қойылды. Палатаның қатысуы арқасында шағын және орта бизнеске қатысты жүргізілген 3 заңсыз тексеру күшін жойды. Сондай-ақ кәсіпкерлерге қатысты 40 млн. теңге көлемінде айыппұл өндіріп алу туралы да заңсыз сот шешімі күшін жойды», - деді. Бүгінгі отырыста сондай-ақ Алматы қалалық Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің төрағасы И. Кравченко, ірі өнеркәсіптер мен салалық қауымдастықтардың басшылары, шағын және орта бизнес өкілдері салық саясаты, бизнесті көлеңкеден алып шығу, оны дамыту, Кедендік Одақ пен интеграция процесінде бизнес алдындағы кедергілерді жою және жосықсыз бәсеке мәселелерін көтермек.
Конференция алдында «Даму» қоры, екінші деңгейдегі банк қызметкерлері, «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестиция бойынша ұлттық агенттігі» АҚ, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, «ҚазЭкспортГарант» экспорттық-несие сақтандырушы корпорациясы» АҚ өкілдері кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап берді.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы қалалық Кәсіпкерлер палатасы 2013 жылы 23 қазанда құрылған болатын.