Алматыда каратэ-до кекушинкайдан халықаралық турнир өтіп жатыр

«Бұл турнир Қазақ хандығының 550 жылдығы , Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығына арналып отыр. Оған Қазақстанның құрама командаларынан басқа Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан және Түркіменстаннан жас мөлшері бойынша құрама командалар қатысады. Барлығы 450 спортшы өнер көрсетеді. Олардың ішінде 150 қазақстандық спортшы ел намысын қорғайды. Тағы бір айта кететін жәйт, бұл турнирге 5 жасқа толған 30 бала қатысып жатыр. «Олардың татамиге шыққанының өзі ерлік. Сондықтан, олардың арасына жеңілгендер болмайды. Барлығына бағалы сыйлықтар береміз. Ал олардан жастары үлкен балалар, жасөспірімдер, ересектер аарсында жарыста жүлделі орын алғандар грамоталар және бағалы сыйлықтармен марапатталады», - деді Алматы қаласының каратэ-до Кекушинкай Федерациясының президенті Талғар Ахмадиев. Айта кетелік, бүгінгі халықаралық жарыс 5 жастан 28 жасқа дейінгі каратэшілер арасында өтіп жатыр. Жүлделі орындардан басқа, әрбір жас мөлшері және салмақ дәрежесі бойынша «Үздік каратист», «Үздік техникасы үшін», «Жеңіске деген жігері үшін» аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталады. Сонымен, сайыстар 5 жас, 6-7 жас және 8-9 жас аралығындағы балалар арасында, жеткіншектер (10-11 жас), жасөспірімдер (12-13 жас), кадеттер (14-15 жас), юниорлар (16-17 жас) және студенттер (28 жасқа дейін) арасында барлық салмақ категориясы бойынша өтеді.