Алматыда кәсіптік білімге бөлінетін бюджеттік орындар саны артты
Спикер 2022 жылғы түлектерге болашақ білім траекториясын анықтау үшін колледждерге тапсырар алдында кәсіби диагностикадан өтуді ұсынды. Кәсіби диагностикадан gz.bilimalmaty.kz сайтында өтуге болады.
«Биыл Алматының орта арнаулы оқу орындары мен лицейлеріне қабылдау науқаны 25 маусымнан 25 тамызға дейін жалғасады. Кешкі және сырттай оқуға құжаттарды қабылдау мерзімі 25 маусым мен 20 қыркүйек аралығында. Бұл ретте шығармашылық дайындықты қажет ететін мамандықтар бойынша оқуға құжаттар 20 шілдеге дейін, ал педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша 15 тамызға дейін қабылданады», — деді Ерік Әбішаев.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында барлық талапкерлер тегін оқу мүмкіндігіне ие болды, ол үшін электронды үкімет пен gz.bilimalmaty.kz порталдары арқылы құжаттарын тапсыру қажет, сонымен қатар колледжге қабылдау жөніндегі техникалық хатшыларға жүгіне алады.
«Орта буын маманы біліктілігін таңдаған әрбір талапкердің төрт мамандық пен төрт колледжге дейін таңдау мүмкіндігі бар. Мамандық таңдау кезінде gz.bilimalmaty.kz порталына тіркеліп, құжаттарды тікелей колледжге тапсыру қажет», - деп түсіндірді спикер.
Сонымен қатар, ол Алматыда мектеп түлектері оқуға түсе алатын колледждерге 14 905 бюджеттік орын бөлінгенін жеткізді.
Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 3500 орынға артық. Еңбек біліктілігіне түсетін тұлғалар үшін колледж кәсіптік жарамдылық бойынша әңгімелесуді ұйымдастырады, ал егер мемлекеттік тапсырыс бойынша орынға үміткерлер көп болса, сертификаттың орташа балы және квота санатының болуы басты мәнге ие боламақ.
Алматы қалалық Білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру басқармасының басшысы Ерік Әбішаев бюджетке түсетіндер арасында конкурстық тестілеу мерзімін айтты.
«Негізгі орта білім негізінде оқуға түсетін тұлғалар арасындағы конкурс 19-22 тамыз аралығында, жалпы орта білім беру базасында және ТжКБ базасында 22-25 тамыз аралығында өтеді. Өнер және мәдениет мамандығына түсетіндер үшін 29 шілде мен 2 тамыз аралығында іріктеу өтеді», - деді спикер.