Алматыда қазақ әдебиеттану ғылымы мен Алаш ардақтыларының мұралары туралы монографиялардың тұсауы кесілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қазақ әдебиеттану ғылымы мен Алаш ардақтыларының мұраларын Тәуелсіздік тұрғысынан саралауға бағытталған ғылыми монографиялардың тұсауы кесілді.
None
None

Бүгін Алматыда ҚР Ұлттық кітапханасының Көрмелер залында М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісімақованың «Тәуелсіздік және Алаш ғылымы», «Жазған сөз жаным ашып Алашыма...», «Қазіргі әдебиет пен әдебиетті зерттейтін қауым», «Тәуелсіздік және Алаш әдебиеттануы», «Қазіргі әдебиеттанудың теориялық мәселелері», «Қазақ әдебиеттануындағы Тәуелсіздік идеясы», «Қазақ әдебиеттануы» деп аталатын ғылыми зерттеулері және филология ғылымдарының кандидаты, осы институттың аға ғылыми қызметкері Айсұлу Ойсылбайдың «Ахмет Байтұрсынұлы: «Әдебиет танытқыштағы» қазіргі әдебиет теориясы»деп аталатын ғылыми зерттеу кітабының тұсауы кесілді.

Тұсаукесер рәсімін Ұлттық кітапханасының бас директоры, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Әлібек Асқар жүргізді.

Игі шараға М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының өкілдері, ақындар мен жазушылар, Алаш қайраткерлерінің ұрпақтары және студенттер қатысты.

«Біз Алаш ардақтыларының мұраларына соңғы кезге дейін кеңестік жүйенің көзқарасымен қарап келдік. Осы бір кеңестік психологиядан арыла алмай жүргендеріміз де бар. Сондықтан, бұл еңбектер ешкімді бейжай қалдырмайды. Менің ойымша, бұл қазақ ұлтын тану үшін, егемендіктің құндылығын тану үшін, болашағымыздың бағдаршамы іспеттес өте қажет дүниелер. Оларда қазақ әдебиеттануының бастаулары мен дамуы және оның басты теориялық мәселелері, ежелгі әдебиет үлгілерінің зерттелуі, Алаш әдебиеттануы, қазіргі әдеби байланыстардың теориялық негізі, бүгінгі абайтану мен алаштану, әлемдік әдебиеттану мен постмодернизм туралы кәсіби зерттеулер Тәуелсіздік кезеңі тұрғысынан тұңғыш рет жүйелі түрде сараланған», - деді өз сөзінде М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Уәлихан Қалижанұлы.

Айта кетелік, кітаптарда әл-Фараби, Шоқан, Ыбырай, Абайдан басталатын қазақ әдебиеттану ғылымының негіздері, Алаш ғалымдары: Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, Х. Досмұхамедұлы, Ж. Аймауытұлы, М. Жұмабай, Қ. Кемеңгерұлы, Ы. Мұстанбайұлы, С. Сәдуақасұлы, Ш. Құдайбердіұлы, Қ. Жұбанов, М. Тынышбаев, С. Ж. Аспандияров, Е. Бекмаханов, М. О. Әуезов, Б. Кенжебаев, Е. Ысмайылов, Т. Нұртазин, Қ. Жұмалиевтің әдебиеттанулық зерттеулері және әдебиеттанушылар Р. Сыздықова, З. Қабдолов, М. Мырзахметұлының ғылыми еңбектері Тәуелсіздік кезеңі тұрғысынан қарастырылған.

Соңғы жаңалықтар