18:01, 11 Ақпан 2009 | GMT +5
Алматыда қазақ мультфильмін жандандыру туралы алқалы мәжіліс өтті
АЛМАТЫ. Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда «Қазақ мультфильмі қайткенде жанданады?» деп аталатын дөңгелек үстел жиыны өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Мәдени саясат және өнертану институтында өткен бұл шараға мультипликаторлар, тіл жанашырлары мен зерттеушілер қатысты. Олар неліктен телеарналарымыз қазақтың рухын, болмысын, салт-дәстүрі кеңінен бейнеленген, ұлттық нақыштағы мультфильмдерімізді көрсетуге ықылас білдірмейді? Әлде, «Қазақмультфильм» түсіріп жатқан дүниелер, балалардың сұранысына жауап бере алмай ма? Қазақ халқы өзінің бет-бейнесі мен болмысын, ұлттық салт-дәстүрін қалай қорғай алады? Мультфильм өндірісін дамыту үшін не істеу керек? Қазақстанда түсіріліп жатқан мультфильмдердің көркемдік, техникалық сапасы қандай деген сияқты тағы басқа да сұрақтар төңірегінде сөз қозғап, өзара пікір алмасты. «Халық рухын, оның өзегі болып саналатын мәдениетті жаңғыртуда әлі күнге дейін шешімін таппай, кенжелеп қалып жатқан жанрларымыздың бірі ? осы мультфильм саласы десек қателеспеспіз. Қазіргі таңда отандық телеарналардың ертелі-кеш жас жеткіншектердің қабылдауына ауыр, дүниетанымдарына кері әсерін тигізетін, тіпті жүйке ауруларына шалдықтыратын шым-шытырық анимациялық фильмдерді көрсетіп жатыр. Мультфильм ? бай өнер, қоғамның бүкіл көрінісін көрсетуге, айтуға оның тілі жетеді», дейді Мәдени саясат және өнертану институтының директоры Ерлан Саиров. Оның айтуынша, XXI ғасырдағы ең дамыған карым-қатынас құралы ? сандық технология болып отыр. Олар: кино өнері, интернет, компьютер, ұялы телефон және тағы басқалар. Егер де қазақ анимациясы осылармен қатарласа жүрмесе, онда оның өшкені. Заман ағымындағы «жаһандану» мен «көгілдір экрансыз» өмір сүре алмайтын жаңа ғасыр ұрпағына «өз ұлтыңның мәдениетін, әдебиетін, тарихын, ұлттық құндылықтарымызды білмейсің деп өкпе артудың» өзі қиын. Сол себепті болашағын жас ұрпақсыз елестете алмайтын кез келген мемлекет сияқты, Қазақстанда да мультфильм саласына көңіл бөлетін кезі жетті.