Алматыда «Қазақстан дамуындағы Конституцияның рөлі» атты дөңгелек үстел өтті

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған шараны «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті ұйымдастырды.
Дөңгелек үстелге «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Амангелді Кәрімоллин, ҚР Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Венера Жексенбекова, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Қазақбай Қасымов, саясаттанушы Әзімбай Ғали, Алматы қалалық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар және жастар ұйымдарының жетекшілері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Отырыс барысында 14 жылдық тарихы бар Ата заңымыз халықаралық құжаттарға, концепцияларға қаншалықты сай келуде, Мемлекетіміздің заңнамалық актілері Конституциямыздың құқықтық талаптарына сәйкес келеді ме, әлемдік жаһандану үрдісінде негізгі заңымызға өзгерістер мен толықтырулар қажет пе деген және өзге де сұрақтарға жауап ізделіп, баяндамалар жасалды.
«30 тамыз - Қазақстан Республикасы Конституциясының күні. Конституцияның қабылдануы - тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихында маңызды әрі шешуші оқиға болды. Еліміздің басты құжаты - Конституция аясында тәуелсіз Қазақстан толайым табыстарға толы жылдарды бастан өткізді. Ата заңымыз - еліміздің тұрақты дамуы, бейбітшілік пен ынтымақтастығының тірегі саналады», деді «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Амангелді Кәрімоллин.