Алматыда Қазақстан теңіз академиясы ашылды

«Теңізшевройл қазақстандық алғашқы теңіз академиясына қолдау көрсетуге бел буғанда алдына биік мақсаттар қойды. Жаңадан ашылып отырған академияның міндеті қазақстандық жетекші теңіз мамандарын даярлап шығару. Кадеттер 1 жыл бойы оқуға қабылданудың қиын кезеңінен, күрделі академиялық курстар мен тәжірибелік тренингтерден өтті. Олар алғашқы болып атануға лайық екендерін дәлелдеді», - дейді Шеврон компаниясының барлау, өндіру және газ жобалары жөніндегі атқарушы вице-президенті Джордж Киркланд.
«Мен Атыраудағы Қазақ-түрік лицейінде оқып жүргенде академияның таныстыру шарасына қатысқан едім. Бағдарламасын көріп, келешегі зор екенін түсінген соң бірден осында оқуға түсуге бел будым. Ағылшын және математика пәндерінен өткен ағылшын тіліндегі емтихан мен әңгімелесу сынағынан да сәтті өтіп, Қазақстан теңіз академиясының курсанты атанғанымды мақтаныш тұтам», - дейді Қазақстан теңіз академиясының кадеті Ерік Мақсұтов. Оның айтуынша, оқу үдерісіндегі әрбір жәйт олар үшін таңсық болған соң, білімге деген қызығушылық да оларда өте жоғары болып отыр. Алғашқы болу тек мәртебе мен абырой ғана емес, зор міндеттерді де жүктейді. Отанға қызмет ету деген жауапкершілік сезімі әрдайым бұл сенімді ақтауға жетелеп отырады.