Алматыда Қазақстандағы БАҚ пен саяси партиялардың өзара қарым-қатынасына жүргізілген талдаудың тұсаукесері өтпек
АЛМАТЫ. Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Ақпанның 15-і күні Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдары мен саяси партиялардың өзара қарым-қатынасына жүргізілген талдаудың таныстырылымы болады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдары мен саяси партиялардың өзара қарым-қатынасына жүргізілген Талдау жобасын Конрад Аденауэр атындағы Қордың қолдауымен MediaNet Халықаралық журналистика орталығы жүзеге асырды және ол елдегі масс-медиа мен саяси бірлестіктердің жұмысына жүргізілген алғашқы зерттеу болып отыр. Зерттеудің мақсаты партиялар мен БАҚ қызметінің олқы тұстарын ғана бөле-жара атап көрсету емес, екі тараптың өзара қарым-қатынасына назар аудартып, осы саладағы жағдайды жақсартуға арналған ұсыныстар әзірлеу.
БАҚ пен саяси партиялардың өзара жемісті, сындарлы қарым-қатынасы - кез келген демократиялық қоғамда саяси плюрализм мен пікір еркіндігіне қол жеткізудегі қажетті маңызды дүниелердің бірі. Жүргізілген зерттеу қоғамда өзгерістерге қол жеткізу мақсатында БАҚ пен саяси бірлестіктердің өзара түсінісіп, толыққанды қарым-қатынаста болуына бағытталған жалпы жұмыстың бір кезеңі болып табылады.
Ұйымдастырылып жатқан шара аясында зерттеу нәтижелерінің тұсаукесері өтеді, қатысушылар ойларын ортаға салып, жүргізілген талдаудың авторларына сұрақтар қойып, өз пікірлерін білдіре алады.
Таныстырылымға қазақстандық партиялардың өкілдері, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары, саясатанушылар, азаматтық қоғам сарапшылары қатыспақ.