Алматыда Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамалар туралы халықаралық конференция өтіп жатыр
АЛМАТЫ. Маусымның 22-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда «Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамалар мен халықаралық тәжірибе» деп аталатын халықаралық конференция өтіп жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Транспаренси Қазақстан» қоғамдық қоры ұйымдастырып отырған бұл шара екі күнге созылмақ. Оған мемлекеттік құзырлы органдардан, сараптамалық құрылымдардан, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардан сарапшылар мен ғалымдар қатысуда. Конференция «Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықпен күрес және халықаралық тәжірибе», «Заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігі», «Сыбайлас жемқорлық жөнінде хабарлаған тұлғаларды қорғау», «Сыбайлас жемқорлықпен күресудің қоғамдық механизмдері» деген секциялар бойынша өтіп жатыр.
«Жемқорлықпен күрес қазіргі таңда ең өзекті мәселенің бірі болып отыр. Бұл бағытта Қазақстанның көптеген қадамдар жасағанын атап өту қажет. Заңдық база жасалып, жеке заң мен 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданды», дейді ЕҚЫҰ Астана қаласындағы орталығының басшысы Александр Кельчевский. Оның айтуынша, бұл басқосу кезінде күресті бұдан ары да өрістете түсудің жай-күйі жан-жақты талқыланатына үлкен үміт артылып отыр.