Алматыда Қазақстандағы ұлттық идея туралы кітап жарық көрді
; АЛМАТЫ. Ақпанның 17-сі. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан / - ХХI ғасырда Қазақстандағы Ұлттық идея өзекті мәселенің бірі болып отыр. Бұқаралық ақпарат құралдарында бұл тақырып жөнінде пікірталас ешқашан толастаған емес.
«Қазақстандағы ұлттық идеяны» зерттеу барысына барлық басылымдар атсалысты. Сараптауға түскен қазақ тілді, түрлі позициядағы мерзімді басылымдар арасында ортақ компоненттер кездесті, қазақ тілі мәселесіне келгенде барлық БАҚ, мемлекеттік те, оппозициялық та басылымдар бірдей үн қатты. Қазақ тілі мәселесі бүгінгі күні ең өткір мәселе болып отырғандығы анықталды. Бұл туралы бүгін Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Қазақстандағы ұлттық идея: проблемаларды шешу жолдары» атты оқу құралының таныстырылымы барысында филология ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлмира Сұлтанбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ұлтаралық бірлік, ұлттардың тең құқықтығы сияқты мәселені әр позициядағы БАҚ теңдей қарап отыр. Олар әр қырынан жазып, әр тараптан қарағанымен де, бұл салада бірыңғай консенсус байқалды. Отансүйгіштік, патриотизм мәселесі, былай қарағанда жабық, жасырын сипаттағы құбылыс сияқты, дегенменде бұл орайда БАҚ - ұлттық идеяны қалыптастырушы, басты факторлардың бірі ретінде танылды. Бұл еліміздің дамуы үшін қуанышты жағдай. Біз енді, еліміздің экономикалық дамуына жол бергеннен кейін, өткенімізді, рухани дүниемізді байытып барып, Қазақстан қоғамының рухани дүниесін байытуда ұлттық идеяның қажеттігін енді түсініп, мойын ұсынып жатырмыз. Бұл қоғамның рухани саулығы, барлық жағынан алғанда дамуымыздың кепілі», деді қазақ баспасөзіндегі ұлттық идеяны зерттеген ғалым Гүлмира Сұлтанбаева. Жиын барысында ол сонымен қатар, гендерлік теңсіздіктің қоғамда қолдау тауып та, сыналып та жатқан мәселе болып отыр деді.
Жоба жетекшісі, профессор Ләйла Ахметованың айтуынша, бұл жоба мемлекет тарапынан қолдау тапқан. «Ұлттық идея» бағдарламасының аясында ҚазҰУ-де 17 авторлық ұжым, яғни 17 жоба жұмыс істейді. Әрқайсысының өз мақсат- міндеттері бар, деді Л. Ахметова.
Оқу құралы журналистерге, гуманитарлық факультеттің студенттеріне және саясаттану, тарих, философия, әлеуметтану, масс-медиа мәселелері қызықтыратын жалпы көпшілікке арналған.