Алматыда «Қазақтілді БАҚ тәжірибесіне жаңа медиатехнологияларды енгізу» атты семинар-тренинг өтіп жатыр

АЛМАТЫ. Мамырдың 29-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматыда «Қазақтілді БАҚ тәжірибесіне жаңа медиатехнологияларды енгізу» атты екікүндік семинар-тренинг өтіп жатыр,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шара ЕҚЫҰ-ның Астанадағы өкілдігі мен Сорос Қазақстан қорының қолдауымен «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының ұйымдастыруымен өтуде. Семинарға Қазақстанның барлық облыстарынан 30-дан астам журналист қатысуда. Шара барысында оларға жаңа медиа-технологиялармен жұмыс істеу, интернет сайттар, блогтар ашу, интернетте видео, аудио файлдар орнату тәсілдері үйретілмек.

2009 жылдан бері интернет-ресурстар БАҚ-ымен теңестірілгені белгілі. Бұған сәйкес кез-келген блог иесі, форум мен чатқа қатысушы БАҚ өкілімен бірдей жауапкершілікке ие. Осыған орай семинар барысында БАҚ өкілдеріне «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры мен Ұлттық телерадиохабарлар тарату қауымдастығының заңгерлерінің қатысуымен арнайы құқықтық кеңестер беріліп, интернетте мақалалар мен ақпаратты қалай жазу тәсілдері түсіндіріледі. «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы өкілдерінің айтуынша, семинарды ұйымдастырудағы басты мақсат жаңа медиатехнологияларды қазақ тілді ақпарат құралдарының тәжірибесіне енгізу.

«Интернет ресурстарға қол жеткізу мүмкіндігінің төмендігі қазақ тілді БАҚ-ның дамуына кері әсерін тигізіп отыр. Сондықтан қазақ тілді БАҚ өкілдеріне жаңа технологияларды пайдалану әдістерін үйрету кезек күттірмейтін іс. Жаңа технологияларды үйрену арқылы журналистер кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік алады. Бұл журналистер арасында өзара қарым-қатнастың дамуына және ҚазНеттің мемлекеттік тілде дамуына өз әсерін тигізеді», дейді «Мінбер» орталығының өкілдері.

Семинарға қатысушылардың айтуынша, шара қазақ тілді БАҚ өкілдері үшін өте маңызды. «Алдағы уақытта бұл семинар жалғасын табуы тиіс. Өйткені қазақ тілді БАҚ өкілдеріне жаңа технологияларды үйрету өте маңызды», дейді қатысушылар.

Соңғы жаңалықтар