Алматыда қазақтың көрнекті ақыны Тынышбай Рақымды еске алу кеші өтті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Жазушылар одағында қазақтың көрнекті ақыны, сазгері Тынышбай Рақымды еске алуға арналған «Көкірегім - күйсандық» атты әдеби-сазды кеш өтті.
None
None

«Тынышбай Рақым қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар, тамаша талантты ақын болатын. Әрі жақсы сазгер еді. Оның «Алтайдың ар жағынан келген ару» дейтін әні елге халық әніндей болып тарап кетті. Одан басқа, радиода талай әндері шырқалып жүр. Шырқалмай жүрген әндері қаншама?! «Алтайдың ар жағынан келген ару» дейтін әнді Тынышбай Қытайға, Шыңжаң автономиялық округына іссапармен барғанда, сол жерде жергілікті телеарнада қызмет атқарып жүрген Әмина Еркешқызы дейтін қарындасына арнап шығарған. Бұл ағалық, бауырмалдық сезімнен туған ән ғой. Бұл енді бір жағы, сол жақтағы елге, ағайынға деген жүрек лебізі» - деді өз сөзінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Алаш сыйлығының лауреаты, Қазақстан жазушылар одағының хатшысы Берік Шаханұлы.

Бүгінгі кешке Әмина Еркешқызының өзі де қатысып, естеліктерімен бөлісті. Ал Сәуле Жанпейісова, Сәкен Қалымов секілді танымал әншілер, «Мұзарт» тобы ақынның әндерін шырқаса, Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының студенттері өлең оқыды.

Тынышбай Рақым 1946 жылы 12 қыркүйекте Өзбекстанның Жоғары Шыршық ауданында туған. 1963 жылы Жамбыл қаласындағы мәдени-ағарту училищесінің ұлт аспаптары бөліміне түсіп оны тамамдаған соң, мектепте мұғалім болған. 1971жылы ҚазМУ-ді бітірген. Алматыда «Қазақстан пионері» газетінде, «Жазушы» баспасында еңбек еткен. Жиырмаға тарта өлең жинағының авторы. Олардың ішінде «Он сегіз - гүл дәурен» дейтін алғашқы жинағы, «Қаратауым - ақ отауым», «Жиырма бес - жыр дәурен», «Тоғыз перне - тоқсан күй», «Көкірегім -күй сандық», «Қобызым - абызым», «Өнербаян», «Алтайдан сәлем», «Дүлділ көңіл», «Күй сандық» секілді жыр жинақтары бар.

Айта кетейік, бүгінде Жазушылар одағының жанында «Тағзым» клубы жұмыс істейді. Сол клуб аясында бұрын өмірден озған ақын-жазушыларды еске алу кештері болып отырады. Ондағы мақсат: сол ақын-жазушылардың шығармашылығын жаңа оқырмандарға, тыңдармандарға таныстыру. Бұған дейін клубтың ұйымдастыруымен Жарасқан Әбдірашев, Жұматай Жақыпбаев, Есенқұл Жақыпбеков секілді ақындарға арналған еске алу кештері өткен.

Соңғы жаңалықтар