Алматыда кеңестік тоталитарлық жүйеде қазақтың шынайы тарихын жазуға ұмтылған Б.Сүлейменовтың мұрасы талқылануда

АЛМАТЫ. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат - Алматыда тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, ҚР ғылымына еңбек сіңірген қайраткер,

Алматыда кеңестік тоталитарлық жүйеде қазақтың шынайы тарихын жазуға ұмтылған Б.Сүлейменовтың мұрасы талқылануда

Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреатыБекежан Сүлейменовтың туғанына 100 жыл толуына арналған «дөңгелек үстел» өтуде. Іс-шараны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Қазақстан тарихы мен мәдениеті кафедрасы  ұйымдастырды. Оған университеттің тарихшылар қауымы, оқытушы-профессорлар құрамы, магистранттар мен студенттер және  шақырылған өзге де қонақтар қатысуда.

«Сталиндік қуғын-сүргінді басынан өткерген өр рухты қайсар тұлға Бекежан Сүлейменұлы алғашқы кәсіби қазақ тарихшыларының бірі. Бұл шараның мақсаты - Кеңестік тоталитарлық жүйе жағдайында қазақ халқының шынайы тарихын жазуға ұмтылыс танытып, осы еңбегінің «өтеуі» ретінде отарлық биліктің түрмесі мен айдауын көрген халқымыздың біртуар ұлы Бекежан Сүлейменовтың азаматтық тұлғасы мен ғылыми мұрасы жайлы ой қозғап, арда тарихшының тұлғасы арқылы жас буын тарихшылар қауымын отансүйгіштікке, ғылымға деген тазалыққа тәрбиелеу», - дейді тарих ғылымының кандидаты Сәбит Шілдебай.

 С.Шілдебай атап өткендей, 1951 жылы Бекежан Сүлейменовке еңбектерінде «реакциялық пиғылдағы бай феодалдарды, хандар мен сұлтандарды дәріптеді, ұлттшылдық идеяларды насихаттады» деген айып тағылып, ол 25 жылға сотталды. 1954 жылы ғалым ақталып, азаттыққа шықты. Б.Сүлейменов дарынды әрі байсалды ғалым ретінде өмірін Отан тарихының кеңестік билікке дейінгі кезеңін зерттеуге арнады. «Қазақстандағы 1916 жылғы көтеріліс», «Аграрный вопрос в Казахстане в последней трети ХІХ и начале ХХ вв», «Казахстан в составе России в ХVІІ - начале ХХ века» және басқа көптеген монографиялық еңбектері Отан тарихын зерттеу ісіне қосылған қомақты үлес ретінде мойындалған. Ол Қазақстан тарихының 5 томдық академиялық басылымы авторларының бірі. Оның ғылыми жетекшілігімен ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 3 томдық мұрасы жарық көрді.

Бекежан Сүлейменұлы 1912 жылы 12 желтоқсанда Ақтөбе облысы Шалқар ауданында дүниеге келіп,  1984 жылы 30 маусымда Алматы қаласында өмірден озды. Карл Либкнехт атындағы Мәскеу мемлекеттік педагогикалық институтының тарих факультетін бітірген маман, 1938-1942 жылдары Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының КСРО тарихы кафедрасында аға оқытушы болып қызмет атқарады. 1942-1943 жылдары Қазақ мемлекеттік шет тілдер мұғалімдер институтының (қазіргі Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті) ректоры болды. 1943-1946 жылдары  КСРО Ғылым академиясының Қазақ бөлімшесінің Тіл, әдебиет және тарих институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары. 1946 жылдан өмірінің соңына дейін (1984 ж.) Шоқан Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнология институтында аға ғылыми қызметкер, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды.