Алматыда кептерлер неден қырылды – сарапшылар

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау комитетінің «Ветеринария бойынша Ұлттық референттік орталық» РМК Алматыдағы кептерлердің жаппай қырылуына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Оқиға 28 Панфиловшылар паркінде болған еді. 26 наурызда 20 шақты кептер парк территориясында қырылып қалған. Тұрғындар олардың дезинфекциялық құралдардан өлгенін тұспалдады. Ұлттық референттік орталық мамандары олардың өліміне қатысты қорытынды шығарды.

«Құс тұмауы, Ньюкасл індеті, орбитоз, хламидиоз, пастериоз сияқты инфекциялық аурулар жоқ екендігі анықталды. Құстардың ағзасынан ауыр металл тұздары, хлор табылмады. Олардың асқазаны бос болып шықты», - деді орталық мамандары.

Құстардың химиялық улануы жоққа шығарылса да мердігерлік ұйымдардағы дезинфекциялық құралдардың құрамы тағы тексерілді.

Барлық дезинфекциялық құралдары стандартқа сай екендігі, адам мен жануарлар ағзасына залалы жоқтығы анықталды.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет құстардың өлімін зерттеу үшін арнайы комиссия құрылғанын айтқан еді.

Алматы әкімдігі аулаларды дезинфекциялауға арналған құралдардың адам ағзасына қауіпсіздігін айтқан еді.

«Алматы қаласы бойынша дезинфекциялау орталығы» РМК бөлімшесінің ақпаратына сәйкес, заманауи дезинфекциялық құралдар 4-санаттағы құралдарға жатады. Яғни, адам ағзасына қауіпі төмен болғандықтан, адам ағзасына, жануарлардың ағзасына зиян келтірмейді. Арнайы ерітінді мамандардың инструкциясына сәйкес әзірленеді. Аулаларды зарарсыздандыруға мемлекеттік реестрге кіретін Кеден одағы немесе Қазақстан территориясына қолдануға рұқсат етілген құралдар қолданылады. Тротуарларды, аялдама кешендерін, қоқыс жәшіктерін, банкоматтарды дезинфекциялау үшін ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери дезотрядтары белсенді хлор бойынша 0,015% концентрациядағы натрий гипохлоридін пайдаланады», - деді әкімдіктен.


Соңғы жаңалықтар