Алматыда кезекті жезөкшелер ордасы әшкереленді (ФОТО)
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда кезекті жезөкшелер ордасы әшкеленді. Бұл туралы Алматы қ. ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
Әкімшілік ғимаратқа ұқсас бұл екі қабатты құрылым жасырын қонақүй іспеттес болған. Бірақ сыртына ешқандай жарнама ілінбеген. Соған қарамастан оған адамдардың баратындығы анықталды. Бұған қалалық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөніндегі Басқарма тыңшылары арнайы рейд барысында көз жеткізді.
«Түнде сағат тоғыздан асқан уақытта бөлімше қызметкерлері осы ғимаратқа келіп, тексеру жүргізді. Жасырын қонақүйдің барлық 15 нөмірі бос емес екен. Барлық жұмыс барысын 25 жастағы әкімші әйелдің басқаратыны анықталды. Ол бірден: «Жеңіл жүрісті қыздарды бақылау менің міндетіме кірмейді», - ақтала бастады. Бірақ қалай болғанда да ол қыздардың немен айналысатынын білген. Ал олар осы қонақүйдің ішінен шықпайтын болған. Демек, келген адам олардың қызметін пайдалана алады деген сөз. Әкімшінің қылмыстық әрекеттері жедел және арнайы шаралардың қорытындысы бойынша расталды. Қазір ол қылмыстық жауапкершілікке тартылды», - деді Алматы қ. ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөніндегі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Таңат Назанов.
Әкімшіге қонақүйді жезөкшелер ордасына айналдырған және жеңгетайлықпен айналысқан деген айыптар тағылды.
Ал осы қонақүйді паналаған жезөкшелер, олардың аты-жөндерін анықтау, арнайы есепке алу және қандай да бір қылмыстар мен құқық бұзушылық әректтерге қатысы бары-жоғын анықтау үшін полиция бөлімшесіне жеткізілді.
Ал қонақүйдің қызметі уақытша тоқтатылды. Енді оны толығымен жабу алдағы уақытта сот арқылы шешіледі.