Алматыда қоғамдық көлікте «ерекше» кәсіппен айналысып жүргендер ұсталды

35 жастағы шығысқазақстандық өзінен 2 жас кіші алматылық серігімен өздерінің «ерекше» жұмысын бұл жолы Төле би көшесімен қозғалатын 16-шы бағытты автобус ішінде жүзеге асырған. Қоғамдық көлікке тосыннан мінген азаматтық киімдегі құқық қорғаушылар олардың ұры екенін бірден бағамдайды.
«Жасырын бақылау кезінде ересектеу ұры 30 жастағы келіншектің қол сөмкесінен, ал оның серігі 39 жастағы ер адамның қалтасынан әп-сәтте қапшығын қымқырады. Екі күдіктіні құқық қорғаушылар автобус ішінде айғақ заттармен қолға түсірді. Кейіннен олардың бірінде 12 мың, екіншісінде 23 мың теңге мен құжаттары болғаны анықталды. Автобус уақытша тергеу амалдарын жүргізу үшін рейстен алынып, ерікті куәлердің көмегімен айғақтар хатталып, тиісті қызмет құзіретіне тапсырылды», - дейді Алматы қаласы Ішкі істер департаментінің Қылмыстық полиция басқармасының Мүліктік қылмыстарды ашу бөлімінің бастығы Арман Баймұқанбетов. Жыл басында Алматыда тәртіп сақшылары құрамынан қалта ұрыларымен күрес бөлімі жасақталған еді. Олар 4 айда өзгенің қалтасына сұғанақтық жасап жүрген 100 қалтаманды қолға түсірген. Арман Баймұқанбетов: «бұл мәселемен бел шеше күреспесе болмайтын болды. Алматы тек қана кәсіпкер азаматтарды ғана емес, жеңіл жолмен пайда табушыларды да қызықтырып отыр. Қылмыстық пиғылдағы жандар әсіресе мереке қарсаңындағы қарбаласты ұтымды пайдаланып, қоғамдық көліктерде, базарларда өз әрекеттерін жүзеге асырады. Онымен көп жағдайда көршілес елдер мен қалалардан келген гастролерлар айналысып отыр. Қазір азаматтарды олардың оңай олжа табудағы табыс көзіне айналдырмас үшін арнайы үнқағаздар мен плакаттар, билбордтар және роликтер дайындалуда», - дейді.