09:44, 02 Маусым 2014 | GMT +5
Алматыда колонияға нанға салынған героин өткізбек болған азаматшаға қатысты қылмыстық іс қозғалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен апта тыйым салынған заттарды колонияға алып өтуге тырысу оқиғаларына толы болды, деп хабарлады ІІМ Қылмыстық-атқару комитетінің баспасөз қызметінен.
Мәселен, сотталған адамға арнап әкелінген азық-түлікті тексеру кезінде Алматының тергеу изоляторының қызметкерлері тоқаштың арасынан героин салынған полиэтилен пакет тапқан. Оны түзету мекемесіне өткізбек болған әйел адамға қатысты ҚР ҚК 259-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осы бапқа сәйкес енді ол есірткі заттарын тасымалдағаны үшін 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сондай-ақ ҚАЖ және криминалдық полиция қызметкерлері Алматының тағы бір түзету мекемесінде салмағы 300 грамға жуық гашишты өткізбек болған 22 жастағы ер адамды ұстады. Өскеменде де қатаң режимдегі колонияның аумағында ҚАЖ қызметкерлері облыс орталығының тұрғынын құрықтады. Ол қоршау ішіне спирт құйылған 0,5 литрлік 6 пластикалық ыдысты лақтырмақ болған.