Алматыда құтқарушылар су арнасына құлап кеткен мектеп оқушысын құтқарып қалды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда құтқарушылар су арнасына құлап кеткен мектеп оқушысын құтқарып қалды. Бұл туралы бүгін Республикалық жедел-құтқару отрядынан хабарлады.

Алматыда құтқарушылар су арнасына құлап кеткен мектеп оқушысын құтқарып қалды

«2015 жылдың 4 желтоқсанында кешкі сағат 19:55 минутта Республикалық жедел-құтқару отрядының кезекші бөліміне жол жиегіндегі су арнасына бір жасөспірімнің құлап кеткендігі туралы хабар келіп түсті. Мәлім болғанындай, оның арнаға қараңғы уақытта абайсызда құлап кеткені белгілі болды. Бұл кезде арнада су болмаған. Содан, тереңдігі 2 метр болатын арнаға құлаған бала ауыр жарақат алды. Оқиға орнына келіп жеткен соң, отрядтың дәрігері оған алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Содан кейін жедел топ мүшелері жасөспірімді арнадан абайлап шығарып, жедел медициналық жәрдем дәрігерлеріне тапсырды», - делінген хабарламада.