Алматыда қымбат көліктерді ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Полиция қызметкерлеріне қарашаның 11-і күні Алматының Бостандық ауданында адам өлімі болып, оның көлігі ұрланғаны туралы хабар келіп түскен. Жедел тексеру шаралары кәсіпкерді оның «Тойота Ланд Крузер» көлігін иемдену мақсатында өлтіргенін анықтаған. «Қылмысты ашу үшін жедел-іздестіру тобы құрылды. Жедел шаралар нәтижесінде кәсіпкерді өлтіріп, көлігін көрші Қырғызстанға жеткізуді көздеген қылмыстық топ мүшелері құрықталды» дейді қалалық ІІД-нің криминалдық полиция басқармасының бастығы Амангелді Шідерқұлов.
Бұнымен қатар осы тексерістердің нәтижесінде қазан айында автотұрақтардың біріне шабуыл жасап, 2 бағалы автокөлікті ұрлаған, 6 адамнан тұратын қылмыстық топ та ұсталған. Бұл көліктер де көрші елден табылған. Қылмысқа күдіктілер қазір қамауға алынып, басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.