19:09, 09 Қараша 2017 | GMT +5
Алматыда қыш мүсіндер мен бақсылардың киімдері көрмеге қойылды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жас суретшілер «Туған жер мұрасы» қолданбалы өнер көрмесінде бірегей жұмыстарын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Көрме «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы қалалық музейінде өтті.
Экспозицияда сақ дәуірінен бастап қазіргі заманға дейінгі кезең туралы жұмыстар, бізбен кестеленген гобелендер, қыштан жасалған мүсіндер, бақсылардың киімдері қойылған.
«Мұнда Алматыдағы О.Таңсықбаев атындағы декоративті қолданбалы өнер колледжінің студенттері даярлаған әр бұйым тарихтың тылсым сырларын жеткізеді. Оқу орнының қазақ тарихы мен қазақ мәдениетін дәріптеп отырғаны қуанарлық нәрсе», - деді Жас суретшілер орталығының директоры Кристина Бекмурзаева.
Айта кету керек, бұл қазақтың дәстүрлі қолөнеріне арналған көрмелер сериясының алғашқысы болып отыр.