17:50, 07 Тамыз 2015 | GMT +5
Алматыда мәдениет және спорт нысандарына ерекше көңіл бөлінеді - А. Есімов
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда мәдениет және спорт нысандарына ерекше көңіл бөлінеді. Бұған Республика сарайы және басқа да нысандарға жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары куә. Бұл туралы бүгін Алматыда Құрылысшы күнін мерекелеу аясында қала әкімі Ахметжан Есімов мәлімдеді.
«Алматыда мәдениет және спорт нысандарына ерекше көңіл бөлінеді. Соңғы жылдары қаламызда «Медеу» спорт кешеніне, «Шымбұлақ» тау-шаңғы шипажайына, Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайына, Орталық стадионға және басқа да нысандарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Халықаралық «Сұңқар» шаңғы трамплиндері кешені салынды. Ол бүгінде әлемдегі ең үздік үш трамплиннің қатарына енеді», - деді А. Есімов.
Оның айтуынша, алдағы 2017 жылы болатын қысқы Универсиадаға дайындық аясында қалада 12 және 3 мың орындық екі мұз сарайы мен бес мың орындық бір атлетикалық ауылдың салынып жатыр.
«Бұл спорт нысандарының құрылысы қазір жалғасуда. Алдағы, 2017 жылдың тамызында олар пайдалануға беріледі», - деді қала басшысы.