Алматыда медицина саласы қызметкерлері үшін 150 адамға арналған жатақхана салынады (ФОТО)
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда медицина саласын дамытуға қосымша 1 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы бүгін Медицина қызметкерлері күніне орай өткен салтанатты жиын барысында қала әкімі Ахметжан Есімов мәлімдеді.
Айта кету керек, былтыр да медицина саласына қарастырылған бюджеттен тыс 1 млрд теңге бөлінген болатын. Ол қаржы медициналық қызметкерлерге арналған жатақхананың құрылысы мен жас мамандарды ынталандыруға жұмсалды.
«Биылғы бөлінетін қаржының 200 млн теңгесі «cool-орталық» салуға, 150 адамға арналған жатақхана салуға жұмсалады. Қалған сома жас мамандарды ынталандыруға қарастырылған. Соңғы 3 жылда медицинаны қаржыландыру 56 млрд теңгеден 70 млрд теңгеге дейін өсті. 12 жаңа ғимарат салынды. Жақын күндері Түрксіб ауданындағы емхананың құрылысы аяқталмақ. Сондай-ақ, Наурызбай ауданы, Ақжар ауылында салынып жатқан жаңа емхана мен бактериологиялық зертхана да жақында пайдалануға беріледі», - деді қала әкімі А.Есімов.
Әкімнің айтуынша, Алматы қаласы «Саламатты Қазақстан» бағдарламасында қарастырылған барлық маңызды индикаторларға қол жеткізді. Ана мен бала өлімінің көрсеткіші едәуір төмендеп, алматылықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 73 жасқа дейін жетті. Қалада 30 мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс жасап келеді. Олардың орташа жалақысы 150 мың теңгені құрайды.