Алматыда мектептерде орын тапшылығы өсуіне басты себеп не екені айтылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жаңа тұрғын үйлердің салынуынан мектептегі орын тапшылығы азаяр емес. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Алматыдағы Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда мектептерде орын тапшылығы өсуіне басты себеп не екені айтылды

«Жыл басында №6, 121, 133 үш мектепке жапсаржайды пайдалануға беру мектептегі орын тапшылығын 1725 орынға азайтуға мүмкіндік берді. Алайда, көп қабатты 5 тұрғын үй кешенінің құрылысынан тапшылық бүгінде 3600 орынға дейін өсті», - деді аудан әкімі.

Оның айтуынша, бүгінде бұл олқылықтың орнын толтыру жұмыстары жалғасуда.

«Биыл мамыр айында 4 шағын ауданда 400 орындық «Достық» жеке мектебі ашылды. 1 қыркүйекке қарай мектептерге жапсарлас 1725 орындық екі қосымша құрылыс пайдалануға беріледі», - деді Сайран Сайфеденов.

Ол, сондай-ақ, келер жылы №104 мектепке 400 орындық жапсаржай салу, 1500 орындық екі жаңа мектеп пен жаңадан салынып жатқан City plus және «Белкамит» тұрғын үй кешені маңынан 800 орындық 2 балабақша тұрғызу жоспарланғанын хабарлады.