Алматыда мемлекеттік кіріс департаментінің бұрынғы қызметкері 10 жылға бас бостандығынан айырылды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда бүгін Мемлекеттік кіріс департаментінің бұрынғы қызметкері Ысқақов К-ға қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз хатшысы Қуандық Ешімет хабарлады.
Тергеу материалдарына сәйкес, қалалық МКД аудит басқармасының бұрынғы қызметкері ЖШС-лардың бірінен 500 мың доллар көлемінде пара алған. Ол бұл қомақты қаржыға кедендік төлемді тексеруден босатуға уәде берген.
«Алматыдағы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы айыпталушыны ҚР ҚК 24-бабының 3-тармағы, 366-бабының 4-тармағы бойынша айыпты деп тауып, 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сондай-ақ, судья сотталушының мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызметке жұмысқа тұруына тыйым салды», - деді Қ.Ешімет.