Алматыда мергендердің Гран-при жарысы өтті
АЛМАТЫ. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеше Александр Асанов атындағы мергендер клубының Алматы облысы Іле ауданының Байсерке кентіндегі спорт алаңында мергендердің Гран-при жарысы аяқталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Стенд және тәжірибелік ату федерациясы мен А.Асанов атындағы мергендер клубының жыл сайын өтетін дәстүрлі бұл сайысы биыл сәуірдің 8-і күні басталды. 5 күнге созылған бұл жарысқа үндістандық Сушил Чоудхпари бастаған қазылар алқасы төрелік жасады. Онда 90 спортшының арасынан дөңгелек стендті атуда 150 нысананың 143-ін мүлт жібермеген алматылық Павел Карпюк үздік шықты. Оның жерлесі Владислав Мухамедиев (141 нысана) екінші, ал павлодарлық Виталий Куликов (140 нысана) үшінші орын алды. Әйелдер арасында шымкенттік Эльвира Акчурина топ жарды. Ол 100 нысананың 85-іне дәл тигізді. Одан кейінгі орындарды алматылық Анастасия Молчанова (78 нысана) мен Жәния Айдарханова (75 нысана) бөлісті. Ал жастар арасында 150 нысананың 115-ін дәл көздеген алматылық Илья Забудкин бірінші, шымкенттік Евгений Платонов (107 нысана) екінші, алматылық Василий Стручаев (102 нысана) үшінші орын алды.
Траншеялық стенд атуда шымкенттік мергендердің мерейі өзгелерден үстем болды. Онда ерлер арасында Максим Клолмеец пен Виктор Хасянов 1-2 орынды бөлісіп, алматылық Владимир Стручев үздік үштікті түйіндеді. Ал әйелдер мен жастар арасында жүлделі орынның бәрін шымкенттік спортшылар өзара бөлісті. Мәселен әйелдер арасында - Анастасия Давыдова, Мария Дмитриенко мен Оксана Ставицкая, жастар арасында - Андрей Могилевский, Александр Клейменов пен Вячеслав Прокопенко қарсылас шақ келтірмеді. Спортинг-компактта Владислав Мухамеджанов бірінші, Олег Почивалов екінші, Эльдар Рахымжанов үшінші орынға ие болды. Сондай-ақ командалық сайыста дөңгелек стендте -Алексендр Ещенко, Павел Карплюк пен Константин Анциферов, траншеялық стендте - Александо Горун, Константин Анашин мен Валерий Егорченко, спортинг-компакта - Денис Столбов, Руслан Құрбанов пен Олег Почивалов жеңімпаз болды.