Алматыда Мұхтар Әуезовтың ата-тегінің тарихы баяндалатын кітап жарық көрді

Бұл туынды «Жібек Жолы» баспасынан 1000 данамен, орыс тілінде жарық көрді.
Кітап Мұхтар Әуезовтың феноменін екі аспектіде зерттеуге арналған. Біріншіден, ұлы жазушы тұлғасы шыққан тегі - қожалардың мәдени әлемімен тығыз байланысты зерттелген. Екіншіден, Мұхтар Әуезов дарынына негіз болған қазақ мұсылман қоғамының рухани және интеллектуалдық әлеуеті қарастырылған. Сонымен қатар, кең көлемді жаңа дереккөздердің негізінде қазақ мұсылман қоғамының рухани көшбасшысы болған қожалардың рөлі зерттеледі. «Қазақ мұсылман қоғамы мен ұлттық мәдениеттің үйлесімді дамуы мен бірлігін қамтамасыз еткен мұсылмандық ілімді жасап, таратуда қожалар қауымы маңызды орын алған»,-дейді автор.
Тұсаукесер рәсіміне еліміздің зиялы қауымы, тарихшылар мен танымал жазушылар қатысты.
Әуезовтар ұрпағының жалғасы болып табылатын, мәдениеттанушы - ғалым, қоғам қайраткері Мұрат Әуезовтың айтуынша, шығарма - нағыз ғылыми зерттеу, монография. «Бұндай кітап керек. Өйткені, ел ұрпағын, оның қандай рухани міндет атқарғанын, ғылыми тұрғыда білуі қажет. Кітапта оның өмірбаянымен қатар, ислам діні, ханафит бағытының Орталық Азияда орын алуы және бұдан өзге де қызықты тың жаңа материалдар енген. Бұл кітапты шынымен де әр қазақ үшін, отандастар үшін үлкен рухани олжа деп білемін»,-деді Мұрат Әуезов.
Шара барысында бұл осыған дейін қазақ тілінде шыққан «Мұхтар Әуезов шежіресі» кітабының жалғасы болды деп атап өтілді.