Алматыда мүмкіндігі шектеулі балаларды дәрігерлер тегін тексеруден өткізді (ФОТО)

Емхананың білікті дәрігерлерінің қарауынан 80 бала өтті. Оларды құлақ-мұрын дәрігері, көз дәрігері, жүйке жүйесі дәрігері, эндокринолог, педиатр, балалар хирургі сынды салалық мамандар қабылдады.
«Мүгедек балалардың ата-аналары қауымдастығынан 23 бала, қалалық емханалардан 57 бала жолдамамен келіп тексерілді. Күрделі диагнозбен келген көптеген балалар біздің университетіміздің профессорлары мен доценттерінің кеңесін алды. Ата-аналар да алғысын жаудырып жатыр», - деді педиатрия оқу департаментінің директоры Хитуова Лидия.
Мамандардың айтуынша, С.Асфендияров атындағы медицина университетінің басшылығы әлеуметтік салаға зор көңіл бөледі.
«Мұндай шара жыл сайын өткізіледі. Балалар дәрігері, баланың денсаулығын қорғау ісіне қатысатын адамдар ерекше акция жасап жатыр. Бұл көптеген сала мамандарының кеңесіне қол жеткізе алмай жүрген адамдарға таптырмас мүмкіндік. Мен өзім өмір бойы балалар денсаулығын қадағалап келемін. Алдымнан мыңдаған бала өтті. Дені сау ұрпақ - ұлтымыздың болашағы. Асқынған ауруды емдегеннен гөрі бала кезінен дәрігерлердің қадағалауында болып, алдын алған жақсы», - деді №2 интернатура және резидентура кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Болат Хабижанов.