Алматыда Мұз аренасы мен Мұз сарайының құрылысы уақыт кестесінен алда келе жатыр (ФОТО)
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда баспасөз туры барысында журналистерге 2017 жылы қысқы Универсиада ойындары өтетін нысандардың құрылыс жұмыстарының барысы таныстырылды.
2017 жылғы қысқы Универсиадаға дайындалу және оны өткізу бойынша Дирекция басшысының орынбасары Нұргелді Әбжаппаров Мұз аренасы мен Мұз сарайының құрылыс жұмыстары уақыт кестесінен 40 күн алда жүргізіліп жатқандығын айтты.
«Үстіміздегі жылдың 22-ші наурызында Медеу ауданындағы 3000 орындық Мұз аренасының жаттығу айдыны дайын болады, ал 6-шы шілдеде негізгі арена мен әкімшілік ғимараттың құрылысы аяқталып, нысанның айналасы абаттандырылады», - деді Н. Әбжаппаров.
3 мың орындық негізгі аренада медиаорталық, медициналық пункт, кафе және төрешілер аймағы орнатылады. Ал 300 орындық кіші аренада киім шешетін орын, тренажерлік зал, кеңселер мен басқа да орындар белгіленген.
Универсиада барысында Мұз аренасында хоккейден ерлер командалары арасында жарыстар өтеді.
«Ал 12 мың орындық Мұз сарйының әкімшілік ғимаратының, осындағы бассейн мен жаттығу мұз айдынының құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталды. Нысанның негізгі блогы 2016 жылдың 9-шы мамырында пайдалануға беріледі, ал оның айналасын абаттандыру жұмыстары 6-шы шілдеде аяқталады», - деді Дирекция өкілі.
Мұз сарайында Универсиаданың ашылу және жабылу салтанаты, сондай-ақ, мәнерлеп сырғанаудан жарыстар өтеді.
Ал 475 орындық кіші аренада қысқы Универсиада барысында керлингтен жарыс өтеді деп күтілуде. Ал жарыстан басқа уақыттарда спортшылар бұл екі аренада жоғары деңгейде өздерінің оқу-жаттығу жиындарын өткізіп тұратын болады. Өйткені, мұнда мұз айдындарымен қоса, бокс, күрес, үстел теннисі, хореография, акробатика және екі тренажер залдары, медициналық оңалтау орталығы жұмыс істейді.
Ол сонымен қатар, Универсиада бюджеті 17 млрд. теңгеге дейін оңтайландырылғандығын айтты.
«Бұл нысандар, яғни Мұз сарайы мен Медеу ауданында салынып жатқан 3 мың орындық мұз аренасы волейбол, баскетбол, мини-футбол және басқа да спорттық жарыстарды, сондай-ақ кең көлемді мәдени шаралар өткізе беруге болатындай етіп жобаланған», - деді Алматы қ. спорт құрылымдары Дирекциясының жетекшісі Сергей Апенко.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Универсиаданың барлық спорт нысандары 2016 жылдың 30-шы тамызында пайдалануға беріледі.