Алматыда нәсілдік кемсітушілік туралы дөңгелек үстел жиыны өтті

Оны Алматы қалалық ішкі саясат басқармасының қолдауымен Ұлттық журналистік зерттеу орталығы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия және саясаттану факультетінің «Әл-Фараби» ғылыми-зерттеу орталығы мен «Дінтанулық зерттеулер және экспертиза» орталығы ұйымдастырды. Дамудың өркениетті жолын таңдаған Қазақстан - Біріккен ұлттар ұйымының (БҰҰ) Нәсілдік кемсітудің барлық нысандарын жою туралы халықаралық конвенциясына қол қойған мемлекеттердің бірі саналады. БҰҰ-ның Нәсілдік кемсітуді жою жөніндегі комитеті Қазақстанның бұл бағыттағы жүзеге асырып жатқан жұмысы туралы БҰҰ-ның сессиясында жүйелі түрде жасап жүрген есебіне оң бағасын беріп жүр. Халықаралық ұйымның сарапшылары Қазақстанда әртүрлі этностық топтар мен конфессиялардың бейбіт жағдайда қатар өмір сүруіне қажетті жағдайлардың жасалғанын жоғары бағалауда. Алайда барлық мәселе түгел шешіліп бітті деуге болмайды. Жаһандану жағдайында қазір әлемде нәсілдік кемсітудің жаңа қырлары көрініс беруде. Сондықтан, бұл мәселені әрдайым зерделеп-зерттеп, басты басымдық ретінде ұстау әлі көкейкесті мәселе болып қалуда. Бұл мәселе саясаткерлер, қоғам қайраткерлері және әртүрлі дін өкілдері қатысқан бұл алқалы басқосуда арнайы талқыланып отыр.