Алматыда «Нұр Отан» ХДП-ның жемқорлыққа қарсы күрес Кеңесінің кезекті отырысы өтті

АЛМАТЫ. Қыркүйектің 9-ы. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін Алматыда «Нұр Отан» ХДП-ның жемқорлыққа қарсы күрес Кеңесінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Алқалы жиын барысында Алматы қалалық Әділет департаменті құрылымдық бөлімшелерінде жемқорлыққа қарсы күрес жұмысының ұйымдастырылуы, халыққа қандай дәрежеде қызмет көрсетуі және қызмет көрсетуде орын алатын жемқорлық кемшіліктері қаралды.

Кеңес мүшелері жаңадан отау көтеріп жатқан жастардың қаладағы «Жас отау» неке сарайына көп мөлшерде ақша төлейтіндігі мен Әділет департаментіндегі кадрлардың жиі ауысу мәселелерін көтерді. Кеңес мүшелерінің айтуынша жастар «Жас отау» неке сарайында некесін қидыру үшін 88 мың теңге төлейді екен.

«Неке сарайы біздің департаментке емес әкімшілікке қарайды, сондықтан ондағы 88 мың теңге көлеміндегі бағаға біздің қатысымыз жоқ. Бізге тек 1400 теңге салық төлейді», дейді Әділет департаменті бастығының орынбасары Дінмұхамед Адайбай.

«Нұр Отан» ХДП-ның жемқорлыққа қарсы күрес Кеңесінің мүшесі Асылмұрат Тұрғанбеков бұл департаменттің орны ерекше екендігін айтады. «Бұл мекеменің жұмысы халық үшін өте маңызды. Жаңадан туған баладан қарт адамға дейінгі адамдардың құжаты және тағы басқа жұмыстары осы мекемемен тығыз байланысты. Сондықтан бұл мекеме қызметкерлері халықпен дұрыс жұмыс істеп, уақытымен құжаттарын дайындап беруі керек», дейді А. Тұрғанбеков.

А. Тұрғанбеков сонымен қатар мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтін адамдар көбінде бастық болып көрініп, оның алдына келген адамдар оған тәуелді сияқты болып туратындығын айтады. «Жоғарыда отырған министрден бастап, қатардағы жұмысшыға дейін халыққа қызмет көрсету үшін отырған адамдар. Сондықтан бұл департментке келген адамдар халық үшін жұмыс істеймін деп келулері керек», дейді А. Тұрғанбеков.

Сондай-ақ жиын барысында «Жас отау» неке сарайын Әділет департаментіне беру қаралып, бұл мәселе бойынша 3 айдан кейін бүкіл мекемелердің басшыларының қатысуымен кеңейтілген отырыс өтетін болды.

Соңғы жаңалықтар