Алматыда оқу орындарын бітірген мамандардың 68 пайызы жұмысқа орналасады - қала әкімі

"1963 жылы Алматы халық шаруашылығы институты болып құрылып, кейіннен Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университеті атанған оқу орны бүгінгі таңда ғылыми ортада өзінің лайықты орнына ие болып, білім беру саласында нақты бағытын айқындаған. Оқу орны құрылғалы бері елімізде және басқа да шет елдерде табысты етіп жүрген мыңдаған түлектерді дайындап шығарды. Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университеті өзінің түлектерімен мақтана отырып, заманауи талаптарға сай мамандар даярлайды. Егер қала бойынша оқу орындарын бітірген мамандардың 68 пайызы жұмысқа орналасатын болса, бұл ҚазЭУ-де 87 пайызға жетіп отыр. Әрине бұл өте жақсы көрсеткіш", - деді А.Есімов.
Шаһар басшысының айтуынша, бұл оқу орнын жыл сайын экономика және қаржы салалары бойынша үш мыңнан астам студент бітіреді. Олардың көпшілігі республика және қала кәсіпорындарында өз білімін сәтті жүзеге асыруда. Оның түлектері арасында Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары аз емес. Мәселен бүгінгі таңда олар үш жүзден астамы салық және қаржы құрылымдары мекемелерінде басшылық қызмет атқаруда.