Алматыда «Өмірге үміт сыйлаңыз!» мейірімділік эстафетасы аясында тегін қан тапсыру шарасы өткізілді (ФОТО)
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматыда елімізге белгілі «Мейірімділік» Ерікті қоғамы» қоғамдық қорына 10 жыл толды.
Осыған орай, аталмыш қор бүгін Алматы қалалық қан орталығында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдық мерейтойына арнап, ұжымдық қан тапсыру шарасын ұйымдастырды. Өйткені, қор өкілдерінің айтуынша, әрбір төртінші қазақстандық азаматқа ерте ме кеш пе донорлық қан құю қажет болуы мүмкін. Ал қан қоры шектеулі. Сол үшін қор өкілдері барлық ниет білдірушілерді қан тапсыруға шақырды. Осыған орай, бүгін Алматы қалалық қан орталығы келушілерді ерекше дайындықпен қарсы алды. Орталықтың кіреберісі және тіркеу бөлмесі ақ-қызыл түсті шарлармен безендірілді. Қабырғаларға ақпараттық плакаттар ілінді. Ал бастарына «Рахмет, донор! деп жазылған кең жиекті ақ қалпақ пен мойындарына арнайы орамал байлаған ақ халатты абзал жандар келушілерді зор ықыласпен қарсы алып жатты. Олардың арасында «Мейірімділік» ерікті қоғамы» қоғамдық қорының жетекшісі Аружан Сайнның өзі де болып, қан тапсырды.
Осы шараға байланысты «ҚазАқпарат» тілшісі Алматы қалалық қан орталығының директоры Жандос Нәдіровті әңгімеге тартқан еді.
- Жандос Қуанышбекұлы, қазіргі таңда қаламызда тегін қан тапсыру ісі қалай жолға қойылған?
- Алматыда сонау 90-шы жылдардан бастап, 2005 жылға дейін түсінікті жағдайларға байланысты қан донорларының саны азайып кетті. Ол кездері қан қоры болмады. Күнделікті қажеттілікке ғана жететін. Ал 2005 жылдан бастап, донорлар саны көбейе бастады. Мемлекет тарапынан тиісті шаралар қабылданды. Біз тұрғындарды донор болуға тарту үшін әр түрлі акциялар өткізе бастадық. Өйткені, донор болу - бұл өте пайдалы, ізгілікті шара. Қан, денсаулығы жақсы, саламатты өмір салтын ұстанатын адамнан ғана алынады. Ауру адамнан алынбайды. Бүгінгі игілікті шара да ерікті тегін донорлықты дамытуға бағытталған. Біз әсіресе бұл шараға жастарды көптеп тартқымыз келеді.
- Жандос Қуанышбекұлы, бүгінгі шара барысында қанша донорды қабылдай аласыздар?
- Жалпы, біздің орталық күніне 150-200 донорды қабылдай алады. Бір мезетте бірнеше ондаған адамды қабылдай аламыз. Біздің орталық барлық қажетті заманауи техникалармен жабдықталған. Бүгінгі шараға да шамамен 200-дей донор келіп қан тапсырады деген үміттеміз.
- Орталыққа келіп қан тапсырушыларға қандай талаптар қойылады?
- Әрине, келушілердің барлығы бірдей донор бола алмайды. Қазір оларға қатысты талап күшейтілген. Олар бірінші кезекте саламатты өмір салтын ұстанулары тиіс. Арақ ішпеулері, есірткі қабылдамаулары керек. Қан тапсыруға үш күн қалғанда дәрі ішуді, алкогольды ішімдіктерді ішуді мүлдем тоқтату керек. Тіпті, тіс дәрігеріне барып, тісін емдеткен адамның өзі үш айдан кейін ғана қан тапсыра алады. Қандай да бір аурумен ауырған адамдардың өзіне тек белгілі бір мерзімнен кейін ғана қан тапсыруларына рұқсат етіледі. Бізде қала тұрғындарының ортақ базасы бар. Сондай-ақ, біз әр түрлі диспансерлерден ақпарат алып тұрамыз. Солардың арқасында базаны апта сайын жаңартып, толықтырып отырамыз. Сонда бізге келген адамды осы база арқылы ауырған-ауырмағанын сол арада біле қоямыз. Егер қандай да бір диспансерде есепте тұрған болса, ол адам автоматты түрде донорлықтан аластатылады. Сонымен қатар, донордың салмағы, гемоглобині тексеріледі. Қазір біз «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша бірқатар шараларды жүзеге асырдық. Сондай-ақ, 2016-2020 жылдарға арналған жаңа «Денсаулық» бағдарламасы қабылданды. Ьүгінгі таңда, Қазақстанда қан қызметі әлемдік дәрежеге көтерілді. Қазақстанда барлық халықаралық стандарттар енгізілген. Солардың бірі - қанды тестілеу. Яғни онда жұқпалы індеттердің бары-жоғы тексеріледі.
- Әр адамнан қанша грамм қан аласыздар?
- Бұл адамның салмағына байланысты. Бізде донорлық - қан тапсыру және плазма тапсыру болып екіге бөлінеді. Адамның салмағына қарай одан - 350 грамнан 450 грамға дейін қан алынса, плазма бойынша - 200 грамнан 600 грамға дейін қан алынады.
- Ал тұрақты донор болғысы келетіндер қаншалықты жиі қан тапсыра алады?
- Біздің тұрақты донорларымыз бар. Қанды кем дегенде екі айда бір рет тапсырып тұруға болады. Ал плазма бойынша кем дегенде екі аптада бір рет тапсырып тұруға рұқсат етілген. Бұл мерзімдер бекерге таңдап алынған жоқ. Осы мерзім ішінде ағза өз қалпына келіп үлгереді.
- Алматыда қазір қан қоры бойынша жағдай қалай?
- Халықаралық талап бойынша 1000 адамға 40 донордан келуі керек. Қазір Алматыда екі қан орталығы бар. Бірі - Алматы қалалық қан орталығы, екіншісі - Республикалық қан орталығы. Бізде 1000 адамға 21 донордан келсе, Республикалық орталықта да осы шамалас - 21-22 адамнан келеді. Егер, 2005 жылға дейін қан қоры болмаған болса, бүгінгі таңда құдайға шүкір, Алматыда қан және плазма бойынша белгілі бір көлемде қор бар. Бұл қуанарлық жағдай.
- Қазіргі таңда адамдардың қан тапсыруға ынта-ықыласы артты деуге бола ма?
- 2006-2007 жылдары күніне 30-40 донор ғана келетін. Ал қазір, бізге күніне 100-150 адам келеді. Бірақ, әрине психологиялық тұрғыда мәселелер баршылық. Адамдар әлі де болса «бір нәрсе жұқтырып алам ба» деп қорқады. Осындай қорқыныш бар. Сондықтан, біз қазір әр түрлі мекемелерге, оқу орындарына барып, үгіт-насихат жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп тұрамыз. Бізде барлық қажетті құрал-саймандар таза ұсталады, бір реттік инелер ғана қолданылады. Ал донор болу - құрметті іс. Қан тапсыра отырып, сен адамға ең ұлы құндылық - өмір сыйлайсың! Бұл, ерлікпен тең әрекет.
- Қазіргі таңда донор болғысы келетіндер үшін қандай да бір жеңілдіктер қарастырылған ба?
- Донорларды үш топқа бөлуге болады - тегін донорлар, ақылы донорлар және аутоднорлар. Соңғысы, бұл адамның өз қанын өзіне құю деген сөз. Мысалы, адамға бір айдан кейін жоспарлы түрде ота жасалатын болса, ол алдын ала қан тапсырып қоя алды. Кейін, ота кезінде оған өз қаны құйылады. Бұл жүйе Қазақстанда енді-енді қолға алынып жатыр. Ал тегін донорларға келетін болсақ, иә, мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Яғни, тегін түрде қан тапсырған адам сол күні демалады. Және оған тағы бір күн демалуға анықтама беріледі. Соның негізінде донордың жыл соңына дейін қалаған күні демалыс алуға мүмкіндігі бар. Мұны жұмыс берушілер жақсы білуі тиіс. Сондай-ақ, тегін донорларға - 0,25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде өтемақы беріледі. Ол қазір шамамен - 500 теңгені құрайды. Оны донор біздің орталықтың кассасынан ала алады немесе сол ақшаға арнайы талон арқылы біздің дәмханадан тамақтануына болады. Ақылы донорларға да қан тапсырған күні және жыл бойына тағы бір күн демалуына рұқсат берілген. Сондай-ақ, қан тапсырған ақылы донорға - 2 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 4000 теңге) көлемінде өтемақы төленеді. Бұдан басқа, бір реттік плазма тапсыру бойынша - 2 АЕК, екі қайтара плазма тапсыру бойынша - 4 АЕК (шамамен 8000 мың теңге) көлемінде өтемақы төлеу қарастырылған. Бұл үшін бюджеттен арнайы қаржы бөлінеді. Бізде ақылы донорлар баршылық. Олар қан тапсырып болған соң, кассаға барып ақшаларын алады. Бірақ, бір айта кететін жайт, ақылы донорлар барлық келушілердің - 5 пайызын ғана құрады. Ал қалған 95 пайызы - тегін донорлар. Яғни, келушілердің басым бөлігі - тегін донорлар деген сөз. Ал басқа әлем елдерінде донорлық үшін ешқандай өтемақы қарастырылмаған. Тек бір ғана нәрсе беру мүмкін - ол бір шыныаяқ ыстық шай.
- Әңгімеңізге рахмет.
Айта кетелік, бүгін Алматы қалалық қан орталығында қан тапсыру шарасы сағат 16:00-де аяқталды. Қан тапсыруға барлығы 150 адам келген. Олардың тек 89-ына ғана қан тапсыруға рұқсат берілді. Солардың ішінде 87 адам қан тапсырса, 2 адам плазма тапсырған.
Ал сұхбаттың басында айтылған «Мейірімділік» Ерікті қоғамы» қоғамдық қорында 10 жыл ішінде бірқатар жобалар жүзеге асырылыпты. Мысалы, «Балаларға өмір сыйла» жобасы бойынша 10 жыл ішінде ауыр диагноз қойылған 1404 балаға көмек көрсетілген. Қазақстандық балаларды емдеуге1 973 365 553 теңге жиналды. Бұл сомаға 1948 ота жасалған.«Жетімдерсіз Қазақстан» жобасы бойынша 10 жыл ішінде 469 бала өздеріне жаңа отбасылар тауып, толыққанды отбасы мүшесі атанса, 1000-нан астам әлеуетті бала асырап алушыларға ақыл-кеңестер берілді. «Аутизмді жеңеміз» жобасы бойынша 10 жыл ішінде 17 баладан аутизм диагнозы алынып тасталды. 100-ден астам студент-психологтар тағлымдамадан өтті. Қазір бұл жоба бойынша Қазақстанның 22 қаласынан аутист-балалары бар 300 отбасы тегін дәріс алып жатыр.