Алматыда Орталық мәдениет және демалыс саябағын қалпына келтіру жұмыстары қыркүйек айында басталады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Орталық мәдениет және демалыс саябағында болып, онда қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізетін инвестормен кездесті.
«Саябақты қайта құру жобасы қала құрылысы кеңесінде талқыланды. Бірқатар ескертпелер айтылды. Олар алдағы уақытта келісілетін болады», - деді «Алтын Тараз» компаниясының бас директоры Владимир Синиковский.
Оның айтуынша, қайта құру жұмыстарының алғашқы кезеңінде саяжолдарды қалпына келтіру және кіреберісінде субұрқақтары бар жаңа жазғы сахна жасалады.
«Көп ұзамай Төле би көшесінің Шығыс айналма жолына жалғанған участогі пайдалануға беріледі. Сондықтан, саябақтың оңтүстік жағынан қосымша кіріп-шығатын есік және 700 орындық паркинг жасалады. Сондай-ақ, саябақты қалпына келтіру жұмыстарын биыл қыркүйек айында бастап, алдағы жылдың көктемінде аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жалпы, қалпына келтіру жұмыстары бес кезеңге бөлінген. Бірақ, қалай болғанда да бірде-бір ағаш кесілмейді», - деді инвестор.
Сондай-ақ, қала басшысы саябақтағы дельфинарийдің жұмысымен де танысты.
«Дельфинарий 450 орынға шақталған. Бүгінгі таңда мұнда үш дельфин, екі теңіз мысығы және бірнеше теңіз арыстандары бар. Шоу-бағдарлама 50 минутқа созылады. Болашақта біз дельфинарийді кеңейтуді жоспалап отырмыз. Оның қандай да бір бөлігінде церебральды сал ауруына шалдыққан балаларға арналған дельфинотерапия бөлімі ашылады», - деді В. Синиковский.