Алматыда орыс тілді жастар арасында қазақ тілі білгірлерінің V республикалық байқауы өтіп жатыр

Осымен бесінше рет Қазақстанның Орыс қауымы мен Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Тіл комитетінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан республикалық байқауға аймақтық іріктеу турларында жеңіске жеткен 14-22 жас аралығындағы ЖОО студенттері мен колледж және мектеп оқушылары қатысуда.
Байқау «Мемлекеттік тіл - тәуелсіздіктің нышаны» тақырыбындағы ауызша тұсаукесер; «Тіл - халық даналығының асыл қазынасы» қазақ сөз өнері мен мәдениетін білуге арналған тест; Қазақ әдебиеті классиктерінің шығармалары үзінділерінің мазмұнын заманауи театрландырылған интерпретацияда баяндап, классиктің өмірбаянын қысқаша мазмұндау; «Шабыт жұлдызы» атты шығармашылық тапсырма: қазақ халқының ұлттық мәдениетін халық аспаптарында ойнау, ұлттық ән, би, көркем сөз оқу және т.б. орындау арқылы көрсету аталымдары бойынша өтуде.
Байқау қатысушыларын «EDTECH-KZ» Халықаралық білім орталығының бас директоры Ғани Бейсембаевтың төрағалығымен республикамызға танымал қоғам қайраткерлері мен ғалым-лингвистерден құралған қазылар алқасы бағалауда.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау қазақ тілін білетін жастарды көтермелеп, жастардың қазақ тіліне деген қызығушылығын, ықыласын, тіл мәдениеті мен мемлекеттік тілді қолдану мәртебесін арттыру, олардың бойында толеранттылықты және отансүйгіштік сезімді тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылып келеді.
Байқаудың ашылу салтанатында ҚР ММ Тіл комитетінің төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы: "Құрметті қатысушылар бүгін Сіздер үшін әрі салтанатты, әрі мерекелі күн. Себебі байқауымыз ел тәуелсіздігінің 20 жылдығының мерейтойы қарсаңында өткізіліп отыр. Мемлекеттік тіл - Қазақстанның мемлекеттілігі мен тәуелсіздігінің аса маңызды факторларының бірі. Ол - еліміздің егемендігі мен Қазақстан халқы бірлігінің нышаны. Халқымыз қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне аса құрметпен қарап, мемлекеттік тілді қадірлеп қастерлейді, бүгінгі таңда оның игерілуі айтарлықтай биік дәрежеге көтеріліп отыр. Қазақ тілін еркін меңгерген ересек адамдар саны жылдан жылға артып келеді. Бұл тәуелсіздіктің ең ұлы жетістігі»,-деп атап өтті.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің есімі бүгін кешкісін белгілі болады. Байқау лауреаттары және дипломанттары бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталады.