Алматыда «Парсы тіліндегі кітаптардың каталогы» жарыққа шықты

Аталмыш кітапты ҚР Ұлттық кітапханасы Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорындағы шығыс кітаптарын зерттеу және оларды ғылыми айналымға енгізу мақсатында дайындап, баспадан шығарып оқырман назарына ұсынып отыр. Каталогты құрастырған филология ғылымдарының кандидаты, шығыстанушы Ғалия Қамбарбекова. Басылымның ғылыми редакторы тарих ғылымдарының докторы, шығыстанушы-ғалым Әшірбек Муминов.
Каталогқа ҚР Ұлттық кітапханасының сирек қорында сақтаулы тұрған Иран, Үндістан, Ресей, Әзірбайжан, Түрікменстан, Түркия және Грузия елдерінде жарық көрген 247 кітаптың ғылыми сипаттамасы енген. Олардың ішіңдегі ең қызықты басылымдар: «Раузат ас-сафа», «Тарих-и Табари», «Тарих-и Чингиз-хан», Мұхаммед пайғамбар мен сахабалар өміріне арналған еңбектер, «Інжіл» мен «Забурдың» парсы тіліндегі аудармалары, Йасауийа тариқаты шейхтарының өмірбаяндарына арналған «Ламахат мин нафахат ал-құдс» шығармасы, Сопы Аллаярдың «Маслак ал-муттақин», «Мурад ал-'арифин» шығармалары, ауған теологы Ахунд Дарвизаның хаттар жинағы, Сана'и, Хафиз, Руми, Са'ди, Фирдауси және Джамидің өлеңдер жинағы бар. Сонымен қатар, кітапта парсы тілінің түсіндірме сөздіктері мен Джалаладдин Дауанидың этикаға арналған «Ахлақ-и Джалали» шығармасы, парсы ауыз әдебиеті үлгілері, Румидің, Са'дидің шығармаларына жазылған түсініктер, каллиграфия өнеріне арналған оқулықтар, парсы прозасының озық үлгілері кездеседі.
Шара аясында кітапханада «ҚР Ұлттық кітапханасының қорындағы парсы тіліндегі кітаптар» деп аталатын көрме ашылды.
Тұсаукесерге тіл білімі, шығыстану, тарих, әдебиет салаларының ғалымдары, Иран мәдени орталығының өкілдері, кітапхана және мұрағат мамандары қатысты.