Алматыда Республика Сарайы қайта жөндеуден өтеді

Ы. Қыркүйектің 30-ы. ҚазАқпарат /Назира Елеухан/ -  Алматыда қала әкімі Ахметжан Есімов республиканың ең ірі концерт залы - Республика Сарайын техникалық жағынан қайта жасақтау жөнінде кеңес өткізді,

Алматыда Республика Сарайы қайта жөндеуден өтеді

деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сарапшылар нысанды алдын-ала техникалық жағынан қарап шыққан соң, Республика Сарайын қайта жасақтау қажет деп тапты. «Құрылыс салынған кезден бері қарай барлық инженерлік жүйе ескірген, сахна мен басқа да бөлмелер бүгінгі күн талабына сай емес», дейді олар.

Кеңес барысында Республика Сарайын болашақта қайта жөндеуден өткізу қажеттігі атап көрсетіліп, қала әкімдігі осы мәселеге қатысты мамандарға арнайы тапсырма беріп, үстіміздегі жылдың  қараша айының 1-іне дейін қажетті құжаттарды әзірлеуді тапсырды.

«Біздің аға ұрпағымыз өз соңынан республикалық маңызы бар өте әсем нысанды қалдырып кетті, Республика Сарайы сәулет пен мәдениеттің аса құнды белгісі болып табылады. 39 жыл ішінде оны еш аяусыз пайдаландық, міне, енді зәулім сарайды қайта жаңғырту мәселесі көтеріліп отыр. Біз үлкен мегаполистің мақтаны болып табылатын осындай ғимараттарды аялай білуіміз қажет»- деді қала әкімі Ахметжан Есімов.

    Республика сарайы 1970 жылы салынып, В.И.Ленин атындағы сарай деп аталған болатын.  Жобаның авторлары- сәулетшілер Н.И.Рипинский, В.Н.Ким, А.П.Соколов, В.Ю.Алле, Л.Л. Ухоботов, Ю.Г.Ратушный; инженерлер Б.Н.Делов, В.И.Кукушкин, В.Д.Сушенцев.  1991 жылы желтоқсанда Республика Сарайы болып атауы өзгерді. Әр жылдары бұл сарайда съездер, жиындар, мерекелік жиналыстар, концерттер, кинофестивальдер және тағы да басқа маңызды саяси және мәдени шаралар өтті.