Алматыда республикалық ғылыми жарыстың салтанатты ашылу рәсімі болды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш шара ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының ұйымдастыруымен өтті.
Ғылым мен білімді кіріктіру, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, еліміздің болашақ ғылыми әлеуетін қалыптастыру мақсатында өткізіліп тұратын дәстүрлі шараға биыл, 400-ден аса оқушылар қатысады. Бұған дейін аудандық, облыстық іріктеуден өткен оқушылардың ғылыми зерттеулер сайыстары төрт бағыт, 17 секция бойынша өткізілетін болады.
Оқушылар жарысына ғылыми жетекшілікті ҚР Ұлттық ғылым академиясы жүзеге асырады. Еліміздің ғалымдары қазылық жасап, бағаларын қояды.
«Жарыс соңында ең үздік деп танылған жас зерттеушілерден құрама команда құрылып, олар биылғы жылы мамыр айының 9-14 аралығында АҚШ-тың Сан-Хосе қаласында өтетін 61-ші «Intel ISEF -2010» оқушылар ғылыми жобаларының халықаралық көрмесіне қатысады. Бұл жарысқа бүкіл әлемнің 50-60 елінен 3000-нан аса оқушылар қатысады. 13-18 жас аралығындағы оқушылар арасында өтетін жарысқа біздің елден 30-дан аса түлек қатысады. Өткен жылы Алтынай Жұмаділдаева мен Назерке Бақытжанның ғылыми жобалары қола медальдармен марапатталды», деді шараны ұйымдастырушылардың бірі, «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталықтың бас әдіскері Расима Садақбаева.
Жарысқа қатысушылардың барлығына естелік медальдар табысталып, қорытынды бойынша жеңімпаз атанған оқушылар дипломдармен марапатталатын болады. Сонымен қатар, жоғарғы оқу орындары гранттар ұсынады.
Жас зерттеушілерге арналған байқау ақпан айының 25-не дейін жалғасады.