10:35, 22 Ақпан 2016 | GMT +5
Алматыда салық заңнамасын бұзған ірі кәсіпорынға 190 млн теңге көлемінде айыппұл салынды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы Алматы қаласының арнайы мамандандырылған әкімшілік сотының «Бузачи Нефть» ЖШС-не қатысты қаулысын өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Сотта «Бузачи Нефть» ЖШС пайдалы қазбаларды өндіру салығын есептеу кезiнде, ренталық салық және 2011 жылғы 1 қаңтардан 2014 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі аралықта тарихи шығындарды өтеу төлемдері бойынша салық заңнамасы талаптарын бұзғаны анықталды.
Сот қаулысымен заңды тұлға ҚР ӘқК 278-бабы, 1-бөлігімен (салықтардың және басқа да міндетті төлемдердің сомаларын декларацияда кемітіп көрсету, қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаған жағдайда) айыпты деп танылды. Енді кәсіпорын 190 633 300 теңге айыппұл төлеуге міндетті.
Апелляциялық сот алқасы бірінші сатылы соттың қаулысын өзгеріссіз қалдырды.
Қаулы заңды күшіне енді.