Алматыда сауда орталығының 3-қабатынан құлаған бала үйіне шығарылғалы жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы «Март» ойын-сауық сауда орталығында 3-қабаттан құлап кеткен бала ертең үйіне қайтарылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Алматы қаласы Балаларға жедел медициналық көмек көрсету орталығы бас дәрігері Абай Құсайыновтың сөзіне сілтеме жасай отырып.

Абай Құсайыновтың айтуынша, Нұрғисаның жағдайы жақсы, ертең, 3 қараша күні үйіне қайтарылады.

«Баланың жағдайы жақсы. Есін жиған. Тамақ ішіп, сөйлеп жатыр. Ортаңғы жілігіне жасалған отадан кейін әзірге гипспен қайтарылады. Қазір өз аяғымен жүре алмайды. Шамамен 40 күннен кейін қайтадан келіп, рентгеннен өткізіліп, сан сүйігіндегі темір алынады. Өз аяғымен жүргеннен кейін, 5-6 ай дәрігерлердің бақылауында болады. Ішкі құрылысы да жазылды», - деді Абай Құсайынов.

Еске сала кетейік, 20 қазан күні Алматы дәрігерлері Нұрғисаға екінші ота жасаған. Онда ортаңғы жілігіндегі сынықты салған болатын. Оған дейін, 12 қазан күні ауруханаға алғаш жеткізілгенде бірінші ота басына жасалған. Онда баланың миына қан құйылған деген диагноз қойылған болатын.

Айта кетейік, 12 қазан күні 2 жасар бала «Март» ойын-сауық сауда орталығының 3-қабатынан құлап кеткен болатын. Дәрігерлер балаға ашық бас ми жарақаты, ортаңғы жілік сынығы, кеуде, іш пердесінің соғылуы секілді диагноз қойған болатын. Оқиға Түркісіб аудандық ІІБ-де қайғылы жағдай ретінде тіркеуге алынған.

Соңғы жаңалықтар
telegram