Алматыда Серке Қожамқұловты еске алу кеші өтеді

Сондай-ақ әйгілі өнер шеберінің шығармашылығына арналған «Шеберлік шыңы» - «Вершина мастерства» кітабының тұсаукесері болады. Кешті Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, театр сыншысы, профессор Әшірбек Сығай жүргізбек. Оған өнер зерттеушілері, театр және кино актерлері, қоғам қайраткерлері, студенттер мен кітапхана оқырмандары қатысады.
Қазақтың алғашқы кәсіби театр және кино актерлерінің бірі, Қазақ КСР-нің халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері Серке (Сералы) Қожамқұлов1896 жылы 5 мамырда Торғай облысында дүниеге келген. 1925 жылдан М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында актер әрі режиссер ретінде қызмет атқарған ол М.Әуезовтің «Абайында» - Майбасар, Ғ.Мүсіреповтің «Амангелдісінде» - Тұмақбай, Шекспирдің «Асауға тұсауында» - Слая, Педант, Гогольдің «Ревизорында» - Яичница мен Земляника комедиялық рөлдерін асқан шеберлікпен сомдады. Жоғары деңгейдегі кәсіби шығармашылығы мен ерен еңбегі үшін бірнеше рет КСРО мен Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығымен және түрлі орден-медальдармен марапатталған.