13:47, 09 Сәуір 2010 | GMT +5
Алматыда шағын футболдан БАҚ өкілдері арасында С. Бердіқұловты еске түсіруге арналған турнир өтеді
АСТАНА. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Ағымдағы жылғы мамырдың 8-і және 9-ы күндері Алматыда шағын футболдан бұқаралық ақпарат құралдары арасында белгілі спорт журналисі, жазушы және қоғам қайраткері Сейдахмет Бердіқұловты еске түсіруге арналған дәстүрлі турнир өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт комитеті өткізгелі отырған турнирге Қазақстанның бүкіл орталық және өңірлік баспа және электронды бұқаралық ақпарат құралдары қатысатын болады. Айта кетейік, былтыр бұл дәстүрлі турнирге 32 команда атсалысқан еді. Бас жүлдені финалда «Айқын» газетінің журналистері жеңіп алды. Олар финалда «Қазақ энциклопедициясы» баспасы командасын жеңді. Үшінші орынды «Вечерный Алматы» газетінің ұжымы иеленді.
Шығармашылыққа толы Сейдахмет Бердіқұловтың (1932 - 1994 ж.ж.) бүкіл ғұмыры әлемдегі бейбіт әрі игілікті сала - спортпен байланысты болды. Қазақстанның спорт журналистикасындағы ұлы мэтрдің еңбектері отандық публицистиканың үздік туындылары болып табылады.