Алматыда шаршы метрі - 950, Астанада 750 АҚШ долларын құрайтын тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа кестесі әзірленді

Бұл туралы бүгін Астанада Құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігінің төрағасы Серік Нокин мәлім етті.
«Мемлекеттік бағдарлама бойынша қолжетімді тұрғын үй, яғни шаршы метрі 56 мың 515 теңгені құрайтын пәтерлер бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне, 29 жасқа дейінгі жас отбасыларға бөлінеді. Әрине, осы мемлекеттік бағдарламамен пәтер алуға ниет білдіргендердің саны осы мақсатқа бөлінген қаржыдан асып түседі»,- деді С. Нокин.
Агенттік басшысының сөзіне қарағанда, аталған үйлерді алуға шамамен 82 мың өтінім жасалған. Оның ішінде 32 мыңға жуығы өздерінің мүмкіндіктерін растады. «Астана мен Алматы өте қарқынды өсіп келеді. Осыған байланысты құрылыс жұмыстарын іске асыруға үлгермей жатыр», - деді ол.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» мен агенттік тұрғын үймен қамтамасыз ету тұрғысында жаңадан тағы бір жүйені әзірлегеніне тоқталған С. Нокин, «біз қымбат емес тұрғын үйдің құрылысын бастағымыз келеді. Қазір кезде осы үйлерді салу бойынша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін» қолдау тұрғысында Үкіметте тиісті қаржы қарастырылуда», деді.
Агенттік басшысы осы құрылыстар бойынша әр шаршы метрдің бағасы анықталғанын жеткізді. «Алматыдағы үйлердің шаршы метрі - 950, сондай-ақ Астана мен Ақтауда шамамен 750 доллар көлемінде болып отыр. Ал басқа да облыс орталықтарында шаршы метрі 600 доллар шамасында», - деді ол.
Бұл жүйе бойынша барлық тетіктер зерделеніп шыққан.