Алматыда шет елдегі қандастарымыздың кітаптарының тұсаукесері өтеді

None
None
АЛМАТЫ. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда желтоқсанның 8-і күні Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының үйінде Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шет елдегі қазақ жазушылары кітаптарының ресми тұсаукесері өтеді.

Тұсаукесерге Қытай, Моңғолия, Батыс Еуропа, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Қырғызстан мемлекеттеріндегі қазақ мәдени орталықтарының төрағалары, зиялы қауым өкілдері, авторлар мен авторлардың туыстары, Алматы қаласындағы кітапхана қызметкерлері, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жанындағы «Өнер» орталығының әнші-күйшілері қатысады.

Биыл Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығынан Ташкент топырағында дүниеге келіп, екі елдің әдебиетінен сусындаған, екі тілде бірдей жазатын Мекембай Омарұлының «Төрткүл дүние» өлеңдер жинағы, Ананд Амардың моңғолиялық ғалым Хамай Жүкелдің аудармасымен «Көшпенділердің қысқа тарихы», Қытай еліндегі белгілі қазақ ақыны Орынғазы Мәмбазарұлының «Ұлар» өлеңдер жинағы, Моңғолияда тұратын ғалым-жазушы Ғалыммұрат Хабсаттарұлының «Қазақ болмысы» атты қазақтың тарихы, тілі, жері туралы еңбегі, Қытай еліндегі жас қазақ ақындарының «Сан ғасырлық сағыныш» өлеңдер жинағы, Моңғолияда өмір сүретін қандасымыз, талантты ақын, зерделі ғалым Сұраған Рахметтің «Көгілдір шабыт» атты жыр жинағы, өткен ғасырда Моңғолияда өмір сүрген ақын, жазушы-драматург Имашхан Байбатырұлының «Қызылтөбе» атты жыр жинағына енген бұрын жарияланбаған үздік өлеңдері, аңыз дастандары мен балладалары, қытайлық талантты қаламгер Күнгей Мұқажанның «Ортеке» атты әңгімелер мен хикаяттар жинағы жарық көрді.

"Аталмыш қаламгер кітаптарының тұсаукесер рәсіміне, шетелде өмір сүретін қазақ ақын-жазушыларының шығармашылығына қызығушылық танытқан барлық оқырман қауымға есігіміз ашық",-дейді шараның ұйымдастырушылары.

Соңғы жаңалықтар
telegram