Алматыда шығыс қолжазбалары мен кітаптарын қалпына келтіру және түптеу жөнінде тәжірибелік семинар өтіп жатыр
АЛМАТЫ. 6 маусым. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында шығыс қолжазбалары мен кітаптарын қалпына келтіру және түптеу жөнінде тәжірибелік семинар басталды.
Семинарға ҚР Ұлттық кітапханасы, ҚР Орталық мемлекеттік мұражайы мен ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатының мамандарымен қатар, еліміздің әр облыстарынан келген 30-дан аса сирек кітаптарды қалпына келтіруші мамандар қатысуда. Семинар теориялық және тәжірибелік дәрістерден тұрады. Оны Францияның Ұлттық кітапханасының қалпына келтіру жөніндегі сарапшысы Тьерри Обри жүргізуде. Бүгін түске дейінгі өткен семинар барысында сарапшы шығыс және батыс қағаздарын дайындау технологияларымен, оның құрылымдық ерекшеліктерімен, сонымен қатар, аталмыш қағаздардың бұзылу себептерімен таныстырды. Ал, түстен кейінгі тәжірибелік дәрісте ол шығыс және батыс қағаздарына күріш крахмалынан желімді қалай дайындау керек екендігін көрсетуде. Жалпы 10 күнге созылатын семинар барысында Тьерри Обри көне қолжазбалар мен сирек кездесетін кітаптарды қалпына келтірудің бүгінгі заманғы әдіс-тәсілдерін, түптеудің жаңа технологияларын, шығыс қолжазбаларын қайта қалпына келтіруге қажетті заманауи материал түрлерімен таныстырмақ.
ҚР Ұлттық кітапханасы Бас директорының бірінші орынбасары Зарема Шаймарданованың айтуынша, семинардың басты мақсаты - отандық мамандарға шығыс қолжазбалары мен кітаптарын қалпына келтіру мен түптеу жөнінде тәжірибе жинақтауына ықпал етіп, кәсіби біліктілігін көтеруге үлес қосу болып табылады.
"Бұл семинар ЮНЕСКО-ның Кластерлік Бюросының қолдауымен жүзеге асырылуда. Шара барысында семинарға қатысушылар сирек кітаптарды сақтаудың қыр-сырымен танысып қана қоймай, біліктіліктерін арттыратын болады және одан кейін өз облыстарында білген-көргенін басқа мамандарға үйретіп, қызмет тәжірибесіне енгізеді. Семинарды жүргізуге арнайы шақырылған сарапшы бұл саланың қыр - сырын білетін, әсіресе шығыс қолжазбаларын түптеу мен қалпына келтірудің кәсіби маманы, негізінен әлемде шығыс қолжазбаларын жақсы білетін маман аз. Елімізде кітап түптеушілер мен шығарушылар дайындалады, ал қайта қалпына келтіруші мамандар көбіне өздігінен үйренушілер, бізде ондай мектептің жоқ болғандығынан шет елден осы істің маманын арнайы шақырып отырмыз",-деді ол.
Шымкент қаласының Пушкин атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының кітап қорын толықтыру меңгерушісі Асылзат Арыстанованың айтуынша, Қазақстанда сирек қорды қорғау, сақтау, қалпына келтіру жағдайы дамыған елдермен салыстырғанда төменгі орында. "Ал, Орталық Азиямен салыстырғанда ортаңғы орында тұр. Әрбір кітапханашының мақсаты - қолдағы бар құндылықтарымызды - елдің арасындағы сирек кездесетін кітаптарды, қазақстандық кітапханалардың қорында бар сирек кітаптар мен қолжазбаларымызды барынша келер ұрпаққа сол қалпында жеткізу. Осы сұрақпен, сирек кітаптарды қайта қалпына келтіру мәселесі төңірегенде кітапханашылардың дабыл қаққанына біршама уақыт болды. Бұл мәселе үлкен мінберлерде де айтылды. Соның нәтижесінде қазіргі уақытта сирек қорларды сақтау мен дамыту жақсы орынға қойылып, ақырындап шешіліп келе жатыр. Бүгінгі өтіп жатқан, екі апталық семинар соның нәтижесі десек болады",-деді ол.
Асылзат Арыстанова сонымен қатар, құнды жазбаралымызды сақтау бойынша өз ой-пікір, ұсынысын білдірді. "Дамыған елдерде, мәселен Араб елінде сирек қорды қорғауға арналған қорлар жұмыс істейді. Ол қорларға қомақты қаржы бөлініп, ол қаражат тек қана сирек қорды қалпына келтіру мен ұрпаққа жеткізуге ғана жұмсалады. Өкінішке орай, біздің елімізде мұндай қор жоқ. Біздің арманымыз - елімізде осындай қор құрылса, тіпті бұл әрбір кітапханашының арманы десем де болады. Екіншіден, ел қолында, ата-бабасынан мұра болып қалған кітаптар көп, ол кітаптар арнайы мекемелерге өткізілмесе де, есепке алынып, тізімге енгізілуі қажет. Үшіншіден айтарымыз, әр облыс қолжазбалар мен кітаптарды қалпына келтіру және түптеуге арналған жаңа технологиялармен қамтамасыз етілсе, өйткені, тек Алматы мен Астана қаласындағы ұлттық кітапхана ғана заманауи технологиялармен жабдықталған. Біз келер ұрпаққа құнды да, қасиетті қорларымызды жеткізуіміз тиіс. Менің ойымша, жаңа қондырғыларды орнатуға елдің құдіреті де, мүмкіндігі де жеткілікті. Сирек қорға әлі де мемлекет тарапынан көңіл бөлу қажет",-дейді ол.