Алматыда соңғы жылдары 26 кіші стансы іске қосылды - А. Есімов
АЛМАТЫ. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Мемлекет басшысы тұрғын үй - коммуналдық қызмет көрсету саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді.
Осының арқасында Алматыда соңғы жылдары 26 кіші стансы іске қосылды. Бұл туралы Алматыда еліміздің 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму барысын талқылауға арналған кеңесте қала әкімі Ахметжан Есімов айтты.
Қала басшысының айтуынша, дәл осындай масштабта энергиямен қамтамасыз ету бұрындары болған емес. "«Самрұқ-Энерго» қорымен басталған осы істі аяғына дейін жеткізу қажет, қаланы энергиямен қамтамасыз ету тұрақты болуы тиіс», - деді Ахметжан Есімов. Ол сонымен қатар, 2015 жылы жөндеуді қажет ететін желілер саны 15%-ға азаятынын, тұрғындарды есептеу құралдарымен қамтамасыз ету 100%-ға жететіндігін, қараусыз қалған желілердің мүлдем болмайтындығын айтты. "Президент өзінің Жолдауында біздің алдымызға нақтылы міндеттер қойып отыр, сондықтан энергиямен қамтамасыз ету ісі қашанда өзекті болатын болады", -деді қала әкімі. Жиында қала басшысы осы мәселе жөніндегі өзінің орынбасарына бұл жұмысты одан әрі жақсартуға қатысты нақтылы іс- шаралар жасау керектігін тапсырды.
Әкімнің сөзі бойынша авариялы пәтерлерде тұрып жатқандардың 50 пайызы 2015 жылы үйлермен қамтамасыз етілулері тиіс. Бұл үшін үлкен қаржылық шығынды қажет ететін бағдарлама қарастырылатын болады.
Кеңесте сонымен қатар, Жол картасы мен Дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру барысында Алматыда жаңадан 39 мың жұмыс орны пайда болды деп атап өтілді.